Ежелгі ғимараттардың едені мен қабырғасын көмкерген мозаикалар жай ғана әсемдік нысаны емес, олар – өз дәуірінің тынысын бүгінге жеткізетін, миф пен шынайы өмірді тас пен түстің үйлесімі арқылы сөйлеткен үнсіз куәгерлер. Мыңдаған жыл бойы талай өркениеттің ізі қалған Анадолы жері осынау өнердің озық үлгілеріне өте бай. Бүгінде аталған асыл мұраның бірегей бөлігі Ыстанбұлдың тарихи түбегіне іргелес жатқан Зейтінбурну ауданында жұртшылық назарына ұсынылып отыр.
Сонымен қатар, музей орналасқан Зейтінбурну ауданының қазақстандықтар үшін орны бөлек. Мәрмәр теңізінің жағасында, қаланың ескі шептеріне жақын орналасқан бұл аймақ – өткен ғасырдың ортасында Түркияға қоныс аударған қазақтардың алғашқы мекені. Бүгінде мұнда ежелгі Рим мұраларымен қатар, қазақ мәдениетінің де ізі сайрап жатыр. Сондықтан бұл музейге бару – тек антикалық дәуірге емес, сонымен бірге бауырлас халықтың тарихына да жасалған саяхат болмақ.


Музей бұрынғы әскери госпиталь ғимаратында, қазіргі Казлычешме өнер орталығының аумағында орын тепкен. 2015 жылы нысанды қалпына келтіру жұмыстары кезінде, шамамен 1,5 метр тереңдіктен күтпеген жерден мозаика қабаттары аршылды. Мамандарды таңғалдырған тарихи жәдігерлер бірден мемлекет қорғауына алынып, ауқымды зерттеу жұмыстарына жол ашты.
2019 жылы Ыстанбұл археология музейлерінің жетекшілігімен жүргізілген қосымша қазба жұмыстары барысында, ежелгі өрнектердің ғимарат шегінен де ары қарай жалғасатыны анықталды. Сонымен қатар, қазба орнынан ішінде екі адамның сүйегі бар мәрмәр саркофагтың табылуы – аймақтың тек сәндік өнерімен ғана емес, жерлеу мәдениетімен де құнды екенін айғақтай түсті. Қазіргі таңда музей келушілерге жәдігерлерді алғаш табылған орнында тамашалауға мүмкіндік береді.


Қызыл кірпіштен тұрғызылған османдық сәулет үлгісіндегі ғимарат ішіне қадам басқанда, алдыңыздан кең аумаққа жайылған ғажайып мозаикалар ашылады. Келушілер арнайы шыны еден үстімен жүре отырып, “拚pus tessellatum” әдісімен қаланған композицияларды жоғарыдан тамашалай алады. Аталған туындылар – кеш Рим және ерте Византия дәуіріне тән өнердің жарқын көрінісі.
Біздің заманымыздың IV–V ғасырларына тиесілі бұл мозаикалар кезінде зәулім Рим вилласының бір бөлігі болған деген болжам бар. Түрлі түсті тастардан құралған геометриялық пішіндер, жұлдыз бейнелері мен гүл өрнектері сол заманның эстетикалық талғамының қаншалықты жоғары болғанын көрсетеді. Мұндағы әрбір қадам – Ыстанбұлдың сан қатпарлы тарихына жасалған танымдық саяхат іспетті.


190 шаршы метрге жуық аумақты алып жатқан мозаикалар музейдің басты мақтанышы болғанымен, мұндағы құнды жәдігерлер тізімі мұнымен шектелмейді. Мәрмәр саркофаг, кірпіштен қаланған қабір мен ежелгі адамдардың сүйектері келушілерге ерекше әсер сыйлайды. Сондай-ақ, әр дәуірден сыр шертетін терракота ыдыстар мен тиындар бұл жерде ғасырлар бойы тіршілік үзілмегенін дәлелдейді.
Зейтінбурну мозаика музейі тек археологиялық нысан ғана емес, сонымен бірге кітапханасы, көрме залдары және мәдени іс-шараларға арналған алаңдары бар заманауи орталық. Ауданның рухани өмірін жандандырып отырған бұл мекен дүйсенбіден басқа күндері сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін есігін айқара ашады.



