«Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты профилактикалық рейд өтті.

Шығыс Қазақстан облыстық жастар ресурстық орталығының бастамасымен Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттік жатақханаларында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты профилактикалық рейд өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Рейдке облыстық прокуратура өкілдері, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес мүшесі, облыстық «Қазақстан студенттер альянсының» төрағасы және студенттік омбудсмен қатысты.
Шара барысында қызметтік иттері бар кинологтар жұмылдырылды.
Қатысушылар студенттермен әңгімелесіп, нашақорлықтың зияны туралы ақпараттық материалдар таратты. Сонымен қатар, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, өткізу немесе сату үшін жөнелту әрекеттері үшін заң алдында жауапкершілікке тартылатынын түсіндірді. Сондай-ақ, тәуелділік мәселесіне тап болған адамдарға қолжетімді көмек ресурстары туралы мәлімет берілді.
Аймақта есірткі таралуына қарсы күреске азаматтарды тартуға бағытталған «STOP наркотик!» пилоттық жобасы іске асырылуда. Бұл жоба есірткі қылмысы туралы ақпарат берген азаматтарға ақшалай сыйақы төлеуді қарастырады.