
Өскемен жоғары политехникалық колледжінің базасында «Заң және жастар» атты диалогтік алаң өтті. Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында ұйымдастырылып, студенттердің құқықтық мәдениетін арттыруға, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға және қаржылық сауаттылығын нығайтуға бағытталды, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Кездесуге Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеулер департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Ж. Мұзтауыов қатысып, өз жұмыс тәжірибесімен бөлісті. Спикер заң бұзушылықтардың салдары, экономикалық құқық бұзушылықтардың кең таралған түрлері, дроперлік, интернет-алаяқтық мәселелері туралы айтып, жастарға қаржылық тәртіп пен онлайн қауіпсіздіктің маңызын түсіндірді.
Сонымен қатар, ол жастар арасында өзекті мәселеге айналған электронды сигареттер, вейптер және дроп-өнімдерін қолдану туралы жеке тоқталды. Спикер аталған өнімдердің денсаулыққа зиянын, жасөспірімдер мен жастар ағзасына тигізетін кері әсерін түсіндіріп, олардың заң бойынша тыйым салынғанын атап өтті. Сондай-ақ, мұндай зиянды өнімдердің таралуына жол бермеу және олардың қауіптілігі туралы халықты хабардар ету — әр азаматтың ортақ міндеті екенін айтты.
Студенттер кездесуде өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, құқық қорғау органдарының жұмыс ерекшелігі, жауапкершілік деңгейі, қаржылық қауіпсіздік және интернет-ресурстарды қауіпсіз пайдалану қағидалары жөнінде кеңінен ақпарат алды. Цифрлық ортадағы ықтимал қауіптерді қалай анықтау және тәуекелді жағдайлардан қалай аулақ болу керектігі туралы да түсініктеме берілді.
Кездесу қорытындысында қатысушылар құқықтық және қаржылық сауаттылықты тұрақты арттырудың, заң талаптарын сақтаудың және жауапты мінез-құлық танытудың азаматтық борыш ретіндегі маңызын атап өтті. Мұндай іс-шаралар жастардың заманауи қауіп-қатерлерді дұрыс бағалап, құқықтық мәдениетті қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Диалогтік алаң студенттердің құқықтық сауатты болуына, қаржылық білімін кеңейтуге, заңға деген құрметін нығайтуға және заманауи технологияларды қолдануда сыни ойлау дағдыларын дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.



