БастыТуризм

Ыстықкөлде жыл бойы жұмыс істейтін жаңа курорт салынады

Жаңа курорт жыл сайын 2 миллион турист қабылдабақшы.

Қырғызстанның Ыстықкөл облысында жаңа «Ала-Тоо Резорт» тау-шаңғы курорты салынады, ол Жырғалан, Ақ-Бұлак және Боз-Учук тау массивтерін біріктіреді, деп жазады Кабар.

Жаңа курорт жыл сайын 2 миллион турист қабылдайды деп жоспарланған. Болашақта Орталық Азиядағы ең ірі тау-шаңғы курортына айналатын кешеннің инфрақұрылымы толығымен мемлекеттік қаржыландыру есебінен салынады. Трассалардың жалпы ұзындығы 250 шақырым болады.

Президент Садыр Жапаровтың айтуынша, Жырғалан ауданында бірінші арқанжолдың құрылысы 2026 жылдың шілде айында аяқталады. 2026 жылдың қараша-желтоқсанында бірінші кезең (Жырғалан) іске қосылып, шаңғы трассалары жұмыс істей бастайды. Бірінші кезеңге қажетті қаржы мемлекет тарапынан бөлінген.

Екінші кезеңнің (Ақ-Бұлак) аяқталуы 2027 жылға жоспарланған. Ал үшінші кезең (Боз-Учук) 2028 жылға дейін аяқталатын болады, бұл ретте трассалар біртұтас жүйеге біріктіріледі.

Кабар

Президент атап өткендей, жақын арада қонақүйлер, мейрамханалар және басқа да нысандар құрылысын салу үшін жер учаскелері аукционға шығарылады. Аукционнан түскен қаржы екінші және үшінші кезеңдерге жұмсалады. Бірінші кезең үшін қаржы мемлекеттен бөлінген.

— Республикалық бюджетті жүктемей, қалған кезеңдерді жер сату арқылы қаржыландырамыз. Аукцион жеңімпаздарына екі жыл ішінде нысанды салып, пайдалануға беру міндеттемесі қойылады, — деді Жапаров.

«Қырғыз Куршевель» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Жарқынбек Мақсұтов қазіргі уақытта тәуелсіз бағалаушылар Ыстықкөл облысында сатылатын жерлердің құнын анықтап жатқанын мәлімдеді. Бағалау нәтижелері апта соңында белгілі болады.

Аукцион маусым айының бірінші жартысында ашық форматта онлайн өтеді. Аукционға мемлекеттік компаниялар, шетелдік инвесторлар және Қырғызстан азаматтары — заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар қатыса алады.

Курорттың іске қосылғаннан кейін ел экономикасына едәуір пайда әкелетіні күтіліп отыр.

Қырғызстанның Құрылыс, сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрі Нұрдан Орунтаев жобаны жүзеге асыру үшін Франциядағы Куршевель тау-шаңғы курортын көріп қайтқанын айтты.

— Француз курортының құрылымын көрген соң, жобамыздың 30-40%-ын қайта қарап, өзгерістер енгіздік. Біз курортты тек қысқы емес, жазғы туризм үшін де пайдалы етуді жоспарлап отырмыз. Ыстықкөл облысында орналасқандықтан, бұл курорт жыл бойы тартымды болады, — деді Орунтаев.

 

TuraNews

Back to top button