Ыстықкөлде аққулардың жаппай қырылу дерегі тіркелді
Алдын ала берілген ақпаратқа сәйкес құстардың жаппай қырылуына браконьерлік себеп болуы мүмкін.

Қырғыз Республикасының Табиғи ресурстар, экология және техникалық бақылау министрлігінің мәліметінше, оқиға орнына келіп жеткен экологтер мен ветеринарлар құстардың жаппай қырылу дерегінің себебін анықтап жатыр. Сондай-ақ, көлдің жағдайына және оның қоршаған ортасына кешенді тексеріс жүргізіледі. Бұдан бөлек өлген құстардан сынама алынып, зертханалық талдау жасалады.
Алдын ала берілген ақпаратқа сәйкес құстардың жаппай қырылуына браконьерлік себеп болуы мүмкін. Себебі кейбір өлі құсты сойғанда аулардың фрагменттері, балық аулайтын ілмектер анықталды. Сонымен қоса мамандар құстардың қырылуына түрткі болуы мүмкін басқа себептерді де зерделеп жатыр.
— Аққулар Ыстықкөлге қазанның соңында — қарашаның басында қыстау үшін ұшып келіп, наурыз-сәуірге дейін осы жерді мекендейді. Бұл құстардың басым бөлігі Сібір мен Қазақстаннан қоныс аударады. Аққулар — жабайы құстар. Олар таяз судағы балдырлармен және судағы өсімдіктердің тамырларымен қоректенеді. Көлдің терең аймақтарында азығын таба алмайды. Егер оларға адамдар тым жақындап кетсе, құстар шошып, көлдің терең жеріне қарай жүзіп кетеді, салдарынан жем-шөбіне қол жеткізе алмай қалады. Ұзақ жерден ұшып келген құстар әлсіреп, мұндай жағдайда азығын таба алмай, аштан өліп кетуі мүмкін, — деді орнитолог Сейитказы Сагынбаев.
Министрліктің тергеу нәтижелері бойынша қосымша шаралар қабылданады.