БастыМәдениетСпорт

Ыстанбұлда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бойынша кездесу өтті

Ыстанбұлдағы дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының кеңсесінде астанада өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойындары бойынша кездесу өтті

Түркияның Ыстанбұл қаласындағы дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының кеңсесінде еліміздің туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев пен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі Дирекция жетекшісі Наиль Нұров Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанмен кездесіп, ұйымдастыру жұмыстарына қатысты мәселелерді талқылады, деп хабарлайды TuraNews.kz Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстары мен ақпараттық-насихат шараларының қызу жүріп жатқанын хабардар етті. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызын ескере отырып, ашылу және жабылу салтанаты мен сайыс барысын әлемнің жетекші телеарналары арқылы тарату мәселесі де ортаға салынды.

Біләл Ердоған тараптар арасындағы әріптестік қатынастың артқанын айта келе, көшпенділер ойындарын ұйымдастыру Қазақстанның этноспорт қозғалысын әлемдік деңгейде насихаттаудағы ұтқыр жобаларының бірі екеніне айрықша мән берді.

Жиында Қазақстан делегациясының 16-18 ақпан аралығында өтетін Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының Конгресіне қатысатыны да нақтыланды.

Ыстанбұлдағы Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының кеңсесінде өткен кездесуге Қазақстан Республикасының Бас консулдығының өкілдері де қатысты.

2024 жылдың 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұраны — «ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ».

 

 

 

TuraNews

Back to top button