БастыДенсаулық

Ыстанбұлда қолдан жасалған арақтан 17 адам көз жұмды

Түркияның Ыстанбұл қаласында жалған алкогольден уланды деген күдікпен ауруханаға түскен 17 адам қайтыс болды.

Ыстанбұлда қолдан жасалған алкогольді ішімдіктен уланғандар саны артып отыр. Қазіргі таңда 17 адамның көз жұмғаны белгілі болды, ал ауруханада жатқан 22 адамның халі мүшкіл.

Түркия ішкіс істер министрлігінің хабарлауынша, уланғандар метанол қосылған ішімдікті тұтынған. Метанол – ішімдікті заңсыз, қолдан жасайтындар арзан өнім шығару үшін пайдаланатын улы зат. Метанолды тұтынған адам уланып қана қоймай, соқыр болып қалуы да ықтимал. Оның аздаған мөлшерін тұтынғанның өзінде адам өміріне қауіп төнеді.

Полиция күштері жасанды ішімліктердің көзін анықтау үшін кең көлемді операция бастады. Күдіктілерді ұстау үшін жұмыстар тоқтаусыз жалғасуда.

Ыстанбұлда алкогольді ішімдікті қолдан жасап, сатты деген күдікпен 8 адам ұсталды, 6 адам соттың бақылауында, 11 адам босатылды.

Ыстанбұлдың Шішлі, Бейоғлу, Фатих, Қағытхане, Есенйүрт, Сұлтанғазы, Бақыркөй, Үскідар және Үмрание аудандарында 46 адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың ішінен 17-сі көз жұмды, 7-сі емделіп шықты, ал қалған 22-сі әлі де емделуде.

Түркия билігі азаматтарды жасанды сусындардан аулақ болуға шақырады. Билік өкілдері азаматтарды сенімді орындардан сатып алуға және күмәнді жағдайлар туындағанда дереу тиісті органдарға хабарлауға шақырды.

Via
Kazinform

TuraNews

Back to top button