БастыМәдениет
Trending

YEE Астанада түрік тілін үйренудің тиімді жолдары талқыланды

Астана қаласындағы Юнус Эмре институтының ұйымдастыруымен ай сайын өткізіліп келе жатқан “Түркия сұхбаттары” жобасының мамыр айындағы қонағы – Назарбаев Университетінің түрік тілі оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Сонел Босналы болды.

Кездесу барысында профессор Босналы қазақстандық студенттердің түрік тілін үйрену кезінде жиі жіберетін қателіктері төңірегінде интерактивті сұхбат өткізді, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Академиктер, студенттер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан жиында профессор Босналы түрік тілін шет тілі ретінде меңгеріп жүрген студенттердің кездесетін қиындықтарын мысалдармен түсіндіріп, оларды қалай жеңуге болатыны туралы нақты әрі тиімді кеңестер берді. Әсіресе, “қателерді талдау” және “сөйлем құрылымындағы қателерді түзету” секілді әдістердің тіл үйрену үдерісін қалай жетілдіретінін ерекше атап өтті.

Профессор Босналы өз баяндамасында түрік тілін оқытуға арналған өзінің оқу-әдістемелік еңбектерінен мысалдар келтіріп, жеке тәжірибесімен бөлісті. Ол студенттерге түрік тілін терең әрі тиянақты меңгеруге көмектесетін пайдалы тәсілдерді ұсынды.

Кездесу соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, шара жылы шырайлы, достық атмосферада аяқталды.

Айта кетейік, “Түркия сұхбаттары” – Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының бастамасымен тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан мәдени-академиялық іс-шаралар топтамасы. Бұл кездесулерде ай сайын түрлі тақырыптар аясында Түркияның тілі, мәдениеті, тарихы және өзекті мәселелері бойынша мамандармен бірге интерактивті талқылаулар жүргізіледі.

TuraNews

Back to top button