БастыСпорт
Trending

«Востоктың» жаңа кезеңі: стадион Премьер-лигаға дайындалуда

Өскемен қаласында «Восток» стадионын ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Нысан Қазақстан Премьер-лигасының талаптарына сай жаңартылып, жоғары деңгейдегі матчтарды қабылдауға дайындалуда, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Жаңғырту қажеттілігі «Алтай Өскемен» футбол клубының жетістігімен байланысты. Команда 2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша Бірінші лигада үшінші орын алып, елдің жоғарғы дивизионында өнер көрсету құқығына ие болды. Осыған орай өңірде басты спорт аренасын талапқа сай ету жұмыстары қарқын алды.

Стадионда қазірдің өзінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Ойыншыларға арналған киім ауыстыру бөлмелері мен медициналық кабинет жаңартылуда, жаңа инженерлік желілер тартылуда, БАҚ өкілдері мен қонақтарға арналған арнайы аймақтар құрылуда. Сонымен қатар VAR жүйесі орнатылып, LED-борттар қойылуда, жарықтандыру күшейтіліп, алаңның газоны толық жаңартылуда.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, барлық жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатыр және сәуір айының соңына дейін толық аяқталады. Жаңартылған стадионда Премьер-лигадағы алғашқы матч 9 мамырға жоспарланған.

«Қазіргі уақытта қажетті қаржыландыру, құрылыс материалдары мен ұйымдастыру шаралары уақытылы және жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Ең бастысы — “Алтай Өскемен” командасының ойыншылары жақсы формада. Болашақта бұл стадионда команда жанкүйерлерін әлі талай жарқын жеңістерімен қуантады деп сенемін», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сонымен қатар өңірде УЕФА талаптарына сай келетін халықаралық деңгейдегі жабық футбол стадионын салу жобасы қарастырылуда. Жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өтуде.

«Алтай Өскемен» клубының басшылығы жаңғырту жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталатынына сенімді. Клуб директоры Нартай Чамбиловтың айтуынша, барлық өзгерістер ойыншылар мен жанкүйерлерге қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

1963 жылы ашылған «Восток» стадионы өңірдің басты футбол аренасы болып табылады және 8,5 мыңға дейін көрерменді қабылдай алады. Жаңартудан кейін ол Премьер-лигаға шыққан командамен бірге жаңа кезеңін бастамақ.

TuraNews

Back to top button