
Салтанатты іс-шараға арнайы қатысқан өңір басшысы Дастан Рыспеков сала үздіктерін марапаттап, еңбектеріне жеміс тіледі, деп хабарлайды TuraNews.kz.
«Адам өмірінен артық қымбат ештеңе жоқ. Ал сол өмір мен денсаулықты сақтау жолында уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген сіздердің қызметтеріңіз – ерекше құрмет пен алғысқа лайық»-деді облыс әкімі өз құттықтауында.
Мереке қарсаңында ұйымдастырылған жиында облысымыздың бірқатар дәрігері ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, Ұлытау облысы әкімінің алғысхатымен, Денсаулық сақтау министрлігінің алғысхатымен, Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сонымен қатар сала үздіктеріне «AQNIET» салалық кәсіподағының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі, «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің үздігі» төсбелгісі табыс етілді.
Салтанатты іс-шарада өңірдің денсаулық сақтау ісіне айрықша үлес қосып жүрген тұлғаларына Ұлытау облысы әкімінің арнайы номинациялы сыйлықтары да тарту етілді. Атап айтар болсақ, «Үздік педиатр», «Үздік терапевт», «Үздік хирург», «Үздік санитарлық дәрігер», «Денсаулық сақтау саласындағы үздік менеджер», «Стационардың үздік дәрігері», «Кәсібіне адалдығы үшін», «Білім беру мекемелеріндегі үздік медицина қызметкері», «Үздік акушер-гинеколог», «Үздік жалпы тәжірибелі дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері», «Үздік акушерка», «Үздік фельдшер», «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің үздік медбикесі»,«Стационардың үздік медбикесі» анықталды.
Ал «Жыл дәрігері» әрі бір миллион теңгелік сертификатты Жезқазған қаласының облыстық көпбейінді ауруханасының педиатриялық қызметтің меңгерушісі Қаукер Жаксыгильдинова Ұлытау облысы әкімінің қолынан алды.
Іс-шара сала мамандарына арналған концерттік бағдарламамен жалғасты.