ҚоғамМәдениет

Ұстаздықтың символына айналған есім: ШҚО-да Құмаш Нұрғалиевты еске алуға арналған форум өтеді

29 қазан күні С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтың 100 жылдығына арналған мерейтойлық форум өтеді.

Форум Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық білім басқармасының бастамасымен өткізіліп отыр. Мақсаты – Құмаш Нұрғалиевтың педагогика саласындағы жаңашыл идеяларын насихаттау, оның ұлағатты ұстаз және көшбасшы ретінде қосқан үлесін дәріптеу, ұлттық құндылықтар мен ұстаздықтың жоғары адамгершілік-рухани бейнесін ұлықтау.
Құмаш Нұрғалиев – өмірін ұстаздыққа арнаған аңыз тұлға. Ол Боран ауылында 35 жыл бойы ерекше мектептің негізін қалап, жас ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Соғыс кезінде небәрі 19 жасында ауыр жараланғанына қарамастан, ол өз ісіне адал болып, мектеп теледидарын енгізу, оқушыларды жұмысшы мамандықтарына баулу сияқты заманына сай жаңашыл идеяларды жүзеге асырды.
2025 жылғы 28 қазанда, форум қарсаңында келесі іс-шаралар өтеді:
•ШҚО бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы мен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті базасында Құмаш Нұрғалиев атындағы оқу аудиториясының салтанатты ашылуы;
•Құмаш Нұрғалиев атындағы жоғары колледжде мұражайдың ашылуы.
29 қазан күні форум аясында қатысушылар «Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтың жаңашыл идеяларының дамуы» атты көрмені тамашалай алады. Көрмеде білім беру инфрақұрылымы мен технологиялық жаңалықтар, түлектерге арналған еңбек мамандықтарын енгізу және педагогикалық ғылым мен тәжірибенің ықпалдастығы көрсетіледі. Сонымен қатар, «Аңыз адам» атты деректі фильмнің көрсетілімі өтеді.
Форумға 450-ге жуық қатысушы келеді деп күтілуде. Олардың қатарында Қазақстанның қоғам қайраткерлері, педагогикалық еңбектің ардагерлері, Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарының ғалымдары, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері бар. Құрметті қонақтар қатарында — ҚР Парламентінің депутаттары, академик Е.А. Мамбетқазиев, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және Боран мектебінің түлектері болады.
Іс-шара онлайн және офлайн форматында өтеді. Бұл кең аудиторияны қамтып, барша тілек білдірушілерге қатысу мүмкіндігін береді.

TuraNews

Back to top button