
Өскемен қаласындағы №18 мектептің педагогикалық ұжымымен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» өңірлік коалиция мүшелерінің кездесуі өтті. Кездесу барысында ұстаздарға Жаңа Конституция жобасында қарастырылған негізгі жаңашылдықтар мен оның қоғам үшін маңызы туралы кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Коалиция мүшелері жаңа құжатта азаматтардың әлеуметтік қорғалуына ерекше назар аударылғанын атап өтті.
Атап айтқанда, Жаңа Конституция әрбір азаматқа ең төменгі зейнетақы мөлшерін, сондай-ақ жасына, ауруына немесе мүгедектігіне байланысты әлеуметтік қамсыздандыруды нақты қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар мемлекет әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға жәрдемдесіп, егде жастағы адамдар үшін қосымша «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыруға бағытталған нормалар енгізілмек.

Кездесу барысында медициналық қызмет көрсету мәселесіне де ерекше тоқталды. Жаңа Конституцияда азаматтардың медициналық көмек алу құқығы нақты көрсетіліп, тұрғындардың өз қаражаты есебінен медициналық қызмет үшін төлемейтіні, барлық шығынды мемлекет өз мойнына алатыны айтылды.
«Жобаға сәйкес, мемлекеттің ең жоғары құндылықтары – адам және оның өмірі. Азаматтардың денсаулығын қорғау және заңмен белгіленген көлемде медициналық көмек алу – мемлекеттің конституциялық міндеті», – деді Аяужан Ашимова.
Сонымен қатар Жаңа Конституцияда отбасы құндылықтарын қорғауға да ерекше мән берілген. Құжатта неке институтын қорғау, оны ер мен әйелдің ерікті және тең құқылы одағы ретінде бекіту көзделген. Бұдан бөлек, кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалардың өз ата-аналарына қамқорлық жасау міндетін Конституция деңгейінде нақтылау ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, отбасыдағы өзара жауапкершілік пен ынтымақтастықты арттыруға бағытталған.



