Басты

ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Қырғызстанға келді

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов Қырғызстан Республикасының жоғары саяси және әскери басшылығымен кездесу үшін Бішкек қаласына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қырғызстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сапар барысында ҰҚШҰ Бас хатшысы И.Тасмағамбетов Қырғызстан Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесті.

Кездесуде тараптар аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз мәселелерін, сондай-ақ ұйым ішіндегі өзара әрекеттестіктің басты бағыттарын талқылады.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Қырғызстанның аймақтағы қауіпсіздік кепілі ретінде ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін атап өтті.

Әскери, ақпараттық және гуманитарлық сипаттағы шараларды үйлестіру мақсатында Қырғызстан биыл өз аумағында ҰҚШҰ бітімгер күштерімен бірлесіп «Мызғымас бауырластық-2023» оқу-жаттығуын өткізуді жоспарлап отыр.

«Өздеріңіз білетіндей, азаматтарды тарту және лаңкестік әрекеттерді жүзеге асыру үшін әртүрлі елдердің ыстық нүктелерінде жауынгерлік және диверсиялық тәжірибе алған халықаралық террористер қаупі әлі де бар. Бұл жағынан біздің елдеріміз де қалыс қалған жоқ. Осыған байланысты ықтимал деструктивті көріністерге дер кезінде ден қою және алдын алу бойынша тиісті жұмысты күшейту қажет. Өз кезегінде Қырғызстан елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тиісті шараларды қабылдауда. Біздің еліміз ҰҚШҰ рөлі мен беделін арттыруға мүдделі, оның ұйымға мүше мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға үлкен мүмкіндіктері бар», — деді Қырғызстан Республикасының басшысы.

ҰҚШҰ Бас хатшысы И.Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының 2023 жылға жоспарланған бағдарламалары мен басымдықтары, сондай-ақ ҰҚШҰ ХҚКО-ның келесі сессиясына дайындық барысы туралы баяндады.

Сонымен қатар, ол ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі шешімдерінің орындалу барысы және ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспары туралы ақпарат берді.

Еске салайық, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына алты мүше мемлекет кіреді: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан.

Иманғали Тасмағамбетов бас хатшы қызметіне 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3 жылға тағайындалды.

Source
МИА «Казинформ»

TuraNews

Back to top button