Қоғам

Ұлытауда цифрлық инфрақұрылымды орталықтандыру жобасы таныстырылды

Ұлытау облысының цифрлық технологиялар басқармасы өңір басшысы Дастан Рыспековке облыстағы техникалық ресурстарды орталықтандыруға арналған жобаны таныстырды.

Жобаның басты мақсаты – цифрлық жобалармен инфрақұрылымды орталықтандыру және цифрлық трансформация.

Ұсынылған жоба облыс аумағындағы түрлі мекемелер мен ұйымдарға тиесілі бейнебақылау камераларын, интернет арналарын және басқа да цифрлық инфрақұрылым элементтерін бірыңғай басқару орталығына біріктіруді көздейді. Бұл, бір жағынан, ресурстарды оңтайлы пайдалануға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, қауіпсіздік пен бақылау сапасын арттырады.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде техникалық шығындарды қысқарту, деректердің сақталуын қамтамасыз ету және жылдам әрекет ету мүмкіндіктері артады. Сонымен қатар, түрлі саладағы цифрлық процестерді автоматтандыру арқылы облыстағы мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігі жаңа деңгейге көтеріледі.

Облыс әкімі Дастан Рыспеков жобаның маңыздылығына тоқталып, оны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жолдарын қарастырып, ұсыныс енгізуді тапсырды.

TuraNews

Back to top button