Қоғам

Ұлытауда Билер кеңесінің жиыны өтті

Бүгін Ұлытау облыстық әкімдігінің мәжіліс залында Билер кеңесінің құрылтайы өтті.

Шараға Облыстық билер кеңесінің мүшелері, судьялар, медиация саласының мамандары және қоғам белсенділері қатысты. Құрылтай аясында билер институтының бүгінгі қоғамдағы маңызы мен рөлі, сондай-ақ оның дамуына қатысты мәселелер кеңінен талқыланды, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Жиынды Ұлытау облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаев ашып, қатысушыларға алғысхаттар табыс етті. Ол өз сөзінде бұл кеңестің қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтудағы маңызын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдан бастап Ұлытау облысында Билер кеңесі ресми түрде өз жұмысын бастады. Кеңестің негізгі мақсаты — қоғамдағы дау-дамайларды, азаматтық және тұрмыстық жанжалдарды сотқа жеткізбей, бітімгершілік арқылы шешу, сондай-ақ ұлттық келісім мен бірлікті сақтауға ықпал ету.

Шара барысында сөз алған Ұлытау облыстық сотының судьясы Сәрсен Сағатов:
«Билер кеңесі — тарихи негізі тереңде жатқан институт. Бұл — далалық демократияның, халық даналығы мен әділдіктің символы. Осы дәстүрді сақтай отырып, бүгінгі Билер кеңесі де екі тарапты тыңдап, әділетті шешім қабылдайды, тараптарды өзара келісімге келтіреді», – деп атап өтті.

Құрылтайда Билер кеңесінің қызметі арқылы қоғамда бейбітшілік пен өзара түсіністікті қалыптастыру, құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы бастамалар талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар ұлттық медиация механизмдерін кеңінен енгізу қажеттігін алға тартты.

Құрылтайдың модераторлары – Ұлытау облысы бойынша Билер кеңесінің төрағасы Нұрлан Табылғанов және Халықаралық медиация орталығының облыстық директоры Жұлдыз Есмурзина болды.

Билер кеңесінің қызметі – халқымыздың ежелден келе жатқан билік пен бітімгерлік дәстүрін қазіргі заманғы құқықтық талаптармен ұштастыра отырып, қоғамдағы татулық пен әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған игі бастама.

TuraNews

Back to top button