Ұлытау облысының бюджеті есебінен 32 резидент тегін білім алуда

2023-2025 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 180 миллионға жуық қаражат бөлініп, денсаулық сақтау саласының болашақ мамандары білім алып жатыр. Азаматтар арнайы талаптарға сәйкес, Ұлытау облысына келіп жұмыс істейді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Одан бөлек, осы жылы өңірге жаңадан келген 25 медицина қызметкеріне 170 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Сондай-ақ, 15 дәрігер қызметтік үймен қамтамасыз етілді.
Жалпы облыс құрылғаннан бері «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 медициналық нысанның құрылысы аяқталды, оның жетеуі биыл жыл соңына дейін беріледі.
Ұлытау облысында кірпіші қаланған сәттен бері жөндеу көрмеген медициналық нысандарды жаңғырту қарқынды қолға алынған. Биылдың өзінде 6 нысанның жөндеу жұмыстары басталды. Олар, Жезқазған қаласының емханасы, облыстық көпбейінді аурухана, Жаңаарқа ауданының ауруханасы, медициналық колледж, өкпе аурулары диспансері және Қаражал қаласының ауруханасы. Аталған нысандардың салынғалы жөндеу көрмегенін ескерсек, бұл – үлкен көрсеткіш.
2025 жылдың үшінші тоқсан қорытындысы бойынша өлім саны 3,7%-ға, бала өлімі 44,6%-ға, туберкулезбен сырқаттану 12,8%-ға төмендеді.



