Ұлытау облысының әкімі Жезқазған қаласындағы ойын алаңдарының жайын бақылады

Өңір басшысы Гоголь, Ғарышкерлер және Есенберлин көшелеріндегі аулаларды аралап, қолданыстағы ойын алаңдарында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс шаралар бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс әкімі ойын алаңдары пайдалануға берілгеннен кейін олардың қауіпсіздігі мен күтіп ұстауына қатысты бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар тұрғындармен, әсіресе балалар мен ата-аналармен мүлікті ұқыпты қолдану жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Оған қоса, құрылысы былтырдан бері аяқталмаған және енді салынып жатқан алаңдардың сапасы мен мерзімін бақылауда ұстауды міндеттеді.
Тұрғындардың аулаларға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, иелік сезімін арттыру бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Сапар барысында облыс әкімі қала тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектеріне құлақ асты.
Сондай-ақ өңір басшысы аяқталған жобаларды қабылдау кезінде құрылыс алаңында қалдық материалдар мен қоқыстардың болмауын қатаң қадағалауды тапсырды. Бұдан бөлек, аулаларда бұрыннан қалған ескі кеспе тастарды жою қажеттігін айтты.