Қоғам

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков су тасқынына қарсы шараларды тексеріп, нақты тапсырмалар берді

Көктемгі су тасқынына дайындық аясында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков су басу қаупі жоғары елді мекендерді аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.

Тексеру барысында әкім қабылданып жатқан шаралардың тиімділігіне назар аударып, жұмыс қарқынын арттыруды талап етті.

Алдымен, Жезді өзенінің 2 шақырымдық аумағында жүргізіліп жатқан санация жұмыстары тексерілді. Әкім жағалауларды нығайтуды және су өткізу жүйелерін ретке келтіру бойынша тапсырмалар берді. Барлық жұмыстар екі апта ішінде толық аяқталуы тиіс.

Сонымен қатар, Дастан Рыспеков «Жезқазған – Петропавловск» республикалық маңызы бар автожолының қазіргі жағдайымен танысты. Жезқазған – Ұлытау бағытындағы жөндеу жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Сондай-ақ, Ұлытау облысы бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының басшылығына жолдардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, қар тазалау жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма берілді.

Әкім Шеңбер ауылына баратын жолмен жүріп өтіп, автожолдың жағдайын тексерді. Қардан толық тазартылмаған жол учаскелерін қысқа мерзімде ретке келтіру және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау тапсырылды.

Сонымен қатар, Қаракеңгір, Алғабас, Малшыбай ауылдарындағы көпірлердің техникалық жағдайы тексерілді. Анықталған ақауларды жедел жою және су өткізу арналары мен дренаж жүйелерін тазарту жұмыстарын жеделдету жөнінде тапсырмалар берілді.

Атап өтейік, Д. Рыспеков Ұлытау облысының аумағындағы жол — Алғабас ауылынан Қорғалжын ауданына дейінгі жол жөндеу бойынша ЖСҚ дайындау тапсырды.

Аталған жұмыстардың орындалуы облыс әкімінің жеке бақылауында болады. Екі апта ішінде қайта тексеру жүргізіліп, жұмыстардың барысы бағаланады.

TuraNews

Back to top button