Қоғам

Ұлытау облысында «Ұлытау ұланы» сыйлығы табысталды

5 қазан күні Ұлытау облысы әкімінің белсенді жастарға арналған «Ұлытау ұланы» сыйлығын табыстау рәсімі өтті.

Бұл марапат — облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып, өз еңбегімен өңір дамуына үлес қосқан жастарды ынталандыруды мақсат етеді.

Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров, мемлекеттік органдар мен жастар ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ өңірдің дарынды, белсенді жастары қатысты.

Салтанатты рәсімнің басты мақсаты — жастардың білімге, еңбекке, шығармашылыққа және азаматтық белсенділікке деген талпынысын қолдау.

Байқауға 50-ден астам өтінім қабылданып, қазылар алқасы үздіктердің арасынан сегіз аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады.

Жеңімпаздар төмендегідей номинациялар бойынша марапатталды:

  • «Жас саясаткер» — Талғатбекова Нұргүл Ахатқызы
  • «Жылдың жас көшбасшысы» — Инабат Мұханбедиярқызы
  • «Үздік жас кәсіпкер» — Гүлім Аймағамбетова
  • «Үздік жас өнерпаз» — Ардақ Жарқынбеков
  • «Жылдың спорт жұлдызы» — Бекжан Қабжанов
  • «Жас ерікті – қоғам жанашыры» — Айнара Нұрғазиева
  • «Жас медиакөшбасшы» — Назерке Сапарбек
  • «Жылдың үздік жас еңбеккері» — Жігер Еділбаев

Жеңімпаздарға дипломдар, арнайы статуэткалар және ақшалай сыйлықтар табысталды.

Шара барысында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров жастарды құттықтап, олардың қоғамдағы белсенділігі мен еңбегін жоғары бағалады:

«Жастар – ел болашағының айнасы. Сіздердің жетістіктеріңіз өңірдің ғана емес, бүкіл елдің дамуына серпін береді», — деді ол өз сөзінде.

Салтанатты кеш барысында өңірдің талантты өнерпаздары музыкалық нөмірлер орындап, атмосфераны мерекелік көңіл-күйге бөледі.

«Ұлытау ұланы» сыйлығы — жастарды қолдау және олардың жетістігін дәріптеу бағытындағы маңызды жоба. Осындай шаралар облыс жастарының белсенділігі мен отансүйгіштігін арттыруға ықпал етеді.

TuraNews

Back to top button