
2026 жылғы 4 наурызда Жезқазған қаласындағы Ұлытау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде туберкулездің алдын алу айлығына арналған брифинг өтті.
Брифинг спикері – Ұлытау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Танабаев Ерлан Альмуханович.
Спикердің айтуынша, Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында туберкулездің алдын алу айлығы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – халықтың туберкулездің алдын алу шаралары, аурудың алғашқы белгілері және уақтылы медициналық көмекке жүгінудің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру.
2025 жылғы мәліметтер бойынша облыста туберкулезбен сырқаттанушылық 24,8%-ға төмендеген. Алайда, жалпы көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдықтың өсуі байқалады.
Туберкулезді ерте анықтаудың тиімді әдістерінің бірі – флюорографиялық тексеру. 2025 жылы облыс бойынша флюорографиялық тексерумен қамту 93,3%-ды құрады. Сонымен қатар, тәуекел тобындағы балалар арасында туберкулинодиагностика жүргізіліп, 39 мыңнан астам бала тексеруден өтті.
Брифинг барысында туберкулездің алғашқы белгілеріне ұзаққа созылған жөтел, әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, салмақ жоғалту және дене қызуының көтерілуі жататыны айтылды. Осындай белгілер байқалған жағдайда азаматтарға дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажеттігі ескертілді.
Айлық аясында облыс бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, дәрістер, акциялар және профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Тұрғындар тегін флюорографиялық тексеруден өтіп, қажет болған жағдайда мамандардың кеңесін ала алады.



