Саясат

Ұлытау облысында Президент Жолдауын жүзеге асыру мәселелері талқыланды

Бүгін Ұлытау облысында Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын талқылауға арналған кеңейтілген кеңес өтті.

Кеңестің негізгі мақсаты – Президент Жолдауында айқындалған басым бағыттарды өңір деңгейінде сапалы әрі тиімді түрде жүзеге асыру жолдарын қарастыру, мемлекеттік органдар мен қоғамның өзара іс-қимыл тетіктерін нақтылау болды.

Жиын барысында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Мемлекет басшысының Жолдауы елдің жаңа даму кезеңін айқындап, цифрлық трансформацияны тереңдету, әлеуметтік саясатты жаңғырту және экономиканы әртараптандыру бағытындағы шешуші қадам екенін атап өтті.

«Президентіміз атап өткендей, әлемдік деңгейде инвестициялар үшін бәсекелестік күшейіп келеді. Сондықтан біз үшін жаңа инвестициялық кезең басталды. Инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасап, инновациялық жобаларды іске асырып, өңір экономикасын тұрақты дамыту – біздің басты міндетіміз», – деді облыс әкімі.

Кеңес барысында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин Ұлытау өңіріндегі инвестициялық ахуал, іске асырылып жатқан жаңа жобалар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ермек

Жазылханұлы өңірде цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстардың барысымен таныстырды.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жолдауда көрсетілген стратегиялық міндеттердің ел дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

«Жасанды интеллект пен цифрландыру – бұл тек технология емес, ол мемлекетті басқарудың, экономиканы дамытудың және халық өмірін жақсартудың жаңа мәдениеті. Осы үдеріске әр өңірдің белсенді қатысуы – табыстың басты кепілі», – деді Мәлік Нұржанұлы.

Кеңесті қорытындылаған өңір басшысы Дастан Рыспеков Президент Жолдауында қойылған міндеттерді орындау – барша мемлекеттік орган мен қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін айтып, бірлесе және жүйелі түрде жұмыс жүргізудің маңызын атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар беріліп, тиісті мемлекеттік құрылымдарға бағыттар айқындалды.

TuraNews

Back to top button