Ұлытау облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Ұлытау облысы әкімдігінің алаңында жергілікті атқарушы органдар қызметкерлеріне арналған интернет-алаяқтықтың алдын алу, цифрлық гигиена және қаржылық қауіпсіздік мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Ұлытау облысы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Жаңагүл Еділбаева қатысып, негізгі баяндаманы Ұлытау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Абласан Құрбанов жасады.
Жиын барысында цифрлық ортадағы өзекті қауіп-қатерлер, соның ішінде интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері жан-жақты қарастырылды. Сондай-ақ жеке және қызметтік деректерді қорғау, цифрлық гигиена дағдыларын қалыптастыру және қаржылық сауаттылықты арттыру мәселелері талқыланды.
Қаржылық қауіпсіздік аясында лудоманияның алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар нақты мысалдар мен практикалық жағдайларды талдап, тәуекелдерді азайтуға бағытталған ұсынымдар әзірледі.
Мұндай іс-шаралар азаматтардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін арттырып, интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі саналады.



