Ұлытау облысында алғаш рет ашық жүрекке ота жасалды

Ұлытау облысында алғаш рет ашық жүрекке (аортокоронарлық шунттау) ота жасалды. Оталар «Өркендеу Ассистанс» ЖШС басқаруындағы және Қазақстанның жетекші он медициналық орталықтарының қатарына кіретін облыстағы ең ірі жекеменшік денсаулық сақтау мекемесі — Жезқазған медициналық орталығының базасында өтті.
Жоба Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен Ұлытау халқына кардиологиялық көмек көрсетудің мемлекеттік кешенді бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама аймақ тұрғындарының денсаулығы мен өмірін сақтауға бағытталған алдын алу шараларын, ерте диагностикалауды және жоғары технологиялық араласуларды қамтиды. Оны іс жүзінде жүзеге асыру үшін 2023 жылы Ұлытау облысының Денсаулық сақтау басқармасы, «UMC» корпоративтік қоры, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Жезқазған» медициналық орталығы арасында өңірде кардиохирургияны дамыту туралы меморандум жасалды.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова оқиғаның тарихи маңыздылығына назар аудара отырып, «бұл өте көптен күткен сәт және Ұлытау халқына кардиохирургиялық көмек көрсету статистикасын есептеудің бастауы болып табылады. Біздің облыс құрылғаннан бергі үш жыл ішінде медицина саласында көптеген істер атқарылды, оның ішінде, кардиологиялық қызметтің жұмысы жан-жақты құрылуда, кадр тапшылығы мәселесі шешілуде, өңірге келген дәрігерлер үшін жағдай жасалуда және бұл бағытта жұмыс жалғасуда».
🔹Жезқазған қаласының тұрғындарына, яғни, 60 жастағы әйел мен 52 жастағы ер адамға Юрий Пя, медицина ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ Басқарма төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс кардиохирургы, профессор бастаған Астаналық топ ота жасады. Көптеген жылдар бойы Юрий Пя кардиохирургия саласындағы танымал сарапшы болып табылады және әлемдегі ең жақсы тәжірибелер деңгейінде хтрургиялық араласулар жүргізеді. Көрнекті кардиохирургтың шеберлік сабағына жергілікті мамандар қатысты.
— Біздің жүрек орталығымызда біз мынадай қағида бойынша жұмыс істейміз: бірінші кезекте пациент маңызды. Сондықтан медицинаны пациентке жақындату маңызды, керісінше емес. Жоғары білікті медициналық көмек адамға неғұрлым жақын болса — Қазақстан соғұрлым дамыған болады», — деп атап өтті Юрий Пя.
🔹Жобаны іске асырудағы өте маңызды жағдай ретінде өңірде «Жезқазған» медициналық орталығы сияқты заманауи медициналық мекеменің жұмыс істеуін атап өткен жөн. Орталық ұлттық аккредиттеудің жоғары санатының және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге рұқсаттың (ЖТМК) жалғыз иегері, заманауи инфрақұрылымы бар, сондай-ақ, жоғары дәлдіктегі жабдықтар және білікті медициналық қызметкерлермен қамтамасыз етілген. Мұнда қала құраушы компания — өзінің әлеуметтік бағдарына тұрақты көзқарас ұстанушы «Қазақмыстың» үлесі зор.
🔹 Сонымен қатар, жоғары білікті мамандардың сапары аясында ҚР ДСМ штаттан тыс бас кардиологы, жоғары санатты кардиолог дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Махаббат Бекбосынованың жетекшілігімен өңірімізнің дәрігерлеріне арналған «Атеросклероз мектебі» тақырыбында білім беру семинары ұйымдастырылды.
«UMC» командасы Ұлытауға операциялар жүргізу және әріптестерін жергілікті жерлерде оқыту үшін тұрақты келіп тұруды жоспарлап отыр. Еліміздің бас кардиохирургы атап өткендей, «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ — ның міндеті-елордада ғана емес, өңірлерде де бастамаларды дамыту. Бұл өз әдістемелері мен технологияларын бүкіл ел бойынша таратуға арналған мемлекеттік мекеме».