Ұлытау облысында Әкелер форумы өтті
Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайында Ұлытау облыстық Әкелер форумы өтті. Іс-шара отбасындағы әкенің рөлін арттыруға, бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті күшейтуге және отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталды.
Форумды Ұлытау облысы әкімінің орынбасары, облыстық Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Зина Ақылбекова ашты. Іс-шараның модераторы Сабыржан Тембаев болды. Құрметті қонақ ретінде Республикалық Әкелер одағы бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет қатысып, Әкелер одағының қызметі туралы баяндама жасады.
Форум барысында әкенің отбасындағы орны, бала тәрбиесіне қосар үлесі мен ұрпаққа қалдырар өнегесі туралы өзекті мәселелер талқыланды. Спикерлер әке болудың маңызы мен жауапкершілігін жан-жақты атап өтті.
Сонымен қатар Сәтбаев қаласы Әкелер одағының жұмысы мен оң тәжірибелері таныстырылып, әкелер институтын дамыту бағытындағы нақты қадамдар көрсетілді.
Іс-шара соңында өңірдің бірқатар белсенді әкелері Алғыс хаттармен марапатталды.
Ұлытау облысында алғаш рет өткен Әкелер форумы отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қоғамда жауапты әкелер қатарын қалыптастыруға серпін береді.



