Ұлытау облысында 27 мыңнан астам ағаш көшеті егіледі
Облыста көктемгі көгалдандыру науқаны басталды.

Ұлытау облысында көктемгі көгалдандыру жұмыстары қарқын алды. Жергілікті биліктің мәліметінше, өңір бойынша 27 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылады. Қазіргі таңда Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Теректі ауылында 300-ге жуық ағаш егілді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Көшеттер еліміздің солтүстік өңірлеріндегі арнайы тұқымбақтардан жеткізілген. Ағаш егу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 22 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, Экология және табиғи ресурстар министрлігі өңірді көгалдандыруға қолдау ретінде 20 мың түп ағаш көшетін беріп отыр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының маманы Айдана Алданазарованың айтуынша, өңір климатына бейімделген көшеттер жеткізіледі:
– Қарағай, қарағаш сынды ағаш түрлері егіледі. Сонымен қатар, Комитеттен жеміс ағаштары – алма, шие секілді көшеттер әкелінбек. Ұлытау – құрғақ климаты бар аймақ. Сондықтан бізге келетін ағаштар соған бейімделген. Өсіп, көгеріп кетеді деп үміттенеміз, – дейді маман.
Аталған жұмыстарға өңірдегі ірі кәсіпорындар демеушілік көрсетуде. Ал егілген ағаштарды күтіп-баптау мен суару жұмыстары былтыр ғана құрылған арнайы коммуналдық мекемеге жүктеледі.
Жалпы, бұл көктемгі науқан өңір экологиясын жақсартуға және жасыл желекті көбейтуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.