Ұлытау облысынан ұшатын рейс пен бағыт саны артады
Ұлытау облысының басшысы Дастан Рыспеков Qazaq air (Vietjet Qazaqstan) әуе компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әділбек Өмірәлиевті қабылдады.

Кездесу барысында өңірдегі әуе қатынастарын кеңейту, күзгі-қысқы маусымға дайындық және әуе маршруттарының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Өңір тұрғындары тарапынан әуе тасымалына деген сұраныстың тұрақты артуына байланысты, Qazaq air қолданыстағы рейс жиілігін арттыруды және жаңа бағыттарды қарастыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ 2026 жылға арналған маршруттық желіні жоспарлау мәселесі қозғалды. Онда коммерциялық бағыттармен қатар, көлік қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама аясында субсидияланатын бағыттар да ескеріледі.
Айта кеткен жөн, қазіргі уақытта аталған әуе компаниясы Жезқазғаннан үш бағыт бойынша тұрақты рейстер орындайды: Астана мен Шымкентке – аптасына бес рет, Қарағандыға – аптасына үш рет. Жезқазған әуежайындағы ұшу-қону жолағына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, «Жезқазған – Астана» бағыты бойынша рейс жиілігін аптасына жеті ретке дейін арттыру жоспарланып отыр.