Ұлытау облысы Дін істері басқармасы 2025 жылдың 10 айындағы қызметінің қорытындылары
Діни тұрақтылық пен рухани келісім – басты басымдық

Ұлытау облысы Дін істері басқармасы 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы қызметінің қорытындысын жариялады. Басқарманың негізгі миссиясы – өңір тұрғындарының діни және құқықтық сауаттылығын арттыру, конфессияаралық қатынастарды нығайту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және деструктивті діни ағымдардың радикалды идеологиясына қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру болып табылады.
Басқарманың құрамында 6 қызметкер жұмыс істейді, құрылымдық бөлімше ретінде «Діндерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі қызмет атқарады. 2025 жылға бөлінген жалпы бюджет көлемі 145,3 млн теңгені құрады, оның ішінде басқарма бюджеті – 114,3 млн теңге, ал орталықтың бюджеті – 31 млн теңге. Қаражаттың 58%-ы мемлекеттік сатып алу аясындағы іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған.
Ақпараттық-түсіндіру және алдын алу жұмыстары
Облыста 8 конфессияны біріктіретін 47 діни бірлестік қызмет етеді. 2025 жылдың басында «Ұлытау облысының діни бірлестіктер клубы» құрылып, конфессияаралық диалог пен өзара түсіністікті нығайту бағытында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Олардың қатарында шығармашылық фестивальдер, қайырымдылық акциялары, тимбилдингтер және тарихи сапарлар бар.
Халық арасында діни және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында құрамында 60 мүшесі бар облыстық, қалалық және аудандық ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс жүргізуде. 10 ай ішінде 1778 іс-шара өткізіліп, 62 931 адам қамтылды.
Аталған іс-шаралардың ішінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Қазағымның дәстүрлері-ай» этнографиялық сайысы мен «Ұлттық киім – ұлт бейнесі» фестивалі ерекше орын алды. Сонымен қатар, «Taza Qadam» акциясы, теологтар мен исламтанушылардың кездесулері және ірі өндірістік кәсіпорындардағы семинарлар өтті.
Қарсы насихат және онлайн қауіпсіздік
Басқарма тарапынан экстремистік идеологияға қарсы ақпараттық жұмыстар кеңінен жүргізілуде.
2025 жылдың басынан бері жергілікті және республикалық БАҚ беттерінде 87 мақала, ал облыстық телеарнада 29 бейнематериал жарық көрді. Әлеуметтік желілерде «ARQA-jarqa 2.0», «Сенім және сана» подкастары, «Жалған жиһад», «Сілтеме соңы – сот» және басқа да бейнероликтер кеңінен таратылды.
«KONTR» және «Кибернадзор» ақпараттық жүйелері арқылы деструктивті контентке мониторинг жүргізілді. 2025 жылдың 10 айында жүйеге 1008 сілтеме енгізіліп, оның басым бөлігі радикалды мазмұндағы бейне және аудиоматериалдардан тұрды.
Сонымен қатар, «Талдамалы интернет картасы (ТИК)» жүйесі арқылы деструктивті топтардан Instagram желісінде 12 586, ВКонтакте желісінде 507 қолданушы шығарылды.
Оңалту және кадрлық әлеует
Оңалту бағытында айтарлықтай оң динамика байқалады. 2025 жылы деструктивті діни ағым ықпалындағы азаматтардың 12%-ы дәстүрлі ислам құндылықтарына бет бұрды. Бұл жұмыс түзету мекемелерінде, сондай-ақ тәуекел тобындағы азаматтармен жеке кездесулер арқылы жүргізілді.
Қазіргі уақытта облыста 10 теолог маман жұмыс істейді. Дегенмен, кадр тапшылығы әлі де сезілуде – шамамен 20 имам мен 5 теологқа қажеттілік бар. Осы мақсатта 2024 жылы облыс әкімдігі алғаш рет 5 арнайы білім грантын бөліп, студенттер «Нұр-Мүбарак» университетінде білім алуда. Сонымен қатар, мешіт қолдауымен тағы 3 студент аталған оқу орнында оқып жатыр.
Әкімшілік және құқықтық шаралар
2025 жылдың басынан бері діни қызмет саласында 6 құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, кінәлі тұлғаларға әкімшілік айыппұлдар салынды.
Сонымен қатар, миссионерлік қызметке қатысты өтініштер қаралып, Украина азаматы Андрей Недоступ пен Қазақстан азаматы Александр Фушқа куәліктер берілді.
Діни әдебиеттер мен бұйымдарды таратуға арналған арнайы үш мекенжай бекітілді.
Қорытынды
Ұлытау облысы Дін істері басқармасының атқарған кешенді жұмыстары өңірдегі діни тұрақтылықты сақтауға, азаматтардың рухани және құқықтық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ радикалды идеологияға қарсы иммунитетті нығайтуға бағытталды.
Басқарма алдағы кезеңде де дін саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асырып, халықтың рухани тұтастығын сақтауға қызмет етуді жалғастырады.



