Саясат

Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті

Кеңесте қаңтар-маусымдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру мәселелері көтерілді.

Облыс әкімі алты айдың қорытындысына сәйкес, теріс нәтиже көрсеткен әкімдіктер мен басқармалар жұмысын сынға алды, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Бұл ретте өңір басшысы Ұлытау ауданының әкіміне аймақта салынып жатқан нысандар жұмыстарының сапасын мен мерзімін бақылауда ұстауды тапсырып, әр аймақ әкімі өз аумағындағы құрылысқа тікелей жауапты екенін қатаң ескертті.

Сонымен қатар облыс әкімі инвестжобалардың жүзеге асуы үшін әр әкім мен басқарма басшылары өзге де резервтер қарастыруы міндет екенін атап өтіп, жауапты орынбасарына олардың уақытылы орындалуын бақылауды тапсырды.

Аталған мәселелерді ескере отырып, сол шеңберде облыс әкімі Қаражал қаласы әкімі мен Жаңаарқа ауданының әкіміне ескерту жариялады және аталған әкім орынбасарларына тәртіптік жаза қолдануды жүктеді.

Қоқыс мәселесі – күн тәртібінде өзекті әрі облыс әкімінің күнделікті бақылауында. Кеңесте өңір басшысы әлеуметтік желілердегі тұрғындар өтінішін қанағаттандыру және қала-аудан тазалығын жоғары деңгейде ұстау мақсатында «Сәт Тазалық» ЖШС-нің жұмысын күшейту үшін уақыт беріп, нәтиже шықпаған жағдайда альтернативті нұсқаларды қарастыру міндетін жүктеді. Аталған мәселеге сәйкес, Ұлытау облысының әкімі Жезқазған қаласының әкімі мен облыс әкімінің орынбасары Ұ.Үсеновке ескерту берді.

Жиын соңында облыс басшысы барлық мемлекеттік қызметкерге ашықтық пен әділдік қағидатын берік ұстануды тағы бір рет ескертті. Атқарылған жұмыстарды көрсете білу үшін және тұрғындар өтінішін уақытылы қамтамасыз әлеуметтік желілерде жедел-әрекет жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды.

TuraNews

Back to top button