Экономика

«Ұлытау» ӘКК-де қытайлық инвесторлармен ынтымақтастық перспективалары талқыланды

«Ұлытау» ӘКК» АҚ-да Yuanbao Fend және «QINQIN» ЖШС (ҚХР) өкілдерімен кездесу өтті.

Олар сауда-ойын-сауық орталықтарын, тұрғын үй кешендерін салу және қала инфрақұрылымын дамыту салаларында инвестициялық жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.

Келіссөздер барысында «Ұлытау» ӘКК қонақтарға Ұлытау облысының инвестициялық әлеуетін таныстырып, ынтымақтастықтың басым бағыттарын және жүзеге асыруға болатын жобаларды ұсынды.

Қытай тарапынан кездесуге Yuanbao Fend компаниясының директоры Ма Тунсян, «QINQIN» ЖШС-нің бас директоры Лейла Жүнісова, компанияның коммерциялық директоры Ұлан Қуандыков, сондай-ақ «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік директоры Айна Тәжиева қатысты.

«Ұлытау» ӘКК» АҚ тарапынан келіссөздерді басқарма төрағасы Нұрлан Садыбеков пен басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сұңғат Құдабаев жүргізді.

Тараптар Ұлытау облысы экономикасын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

TuraNews

Back to top button