Ұлыбритания мен Жаңа Зеландия мемлекеттік қызметшілерге TikTok пайдалануға тыйым салды
Британияда қауіпсіздік мақсатында үкімет мүшелеріне жұмыс телефондарында TikTok қосымшасын пайдалануға тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News агенттігіне сілтеме жасай отырып.
Ұлыбритания билігі телефонда сақталған жеке мәліметтерге Қытай үкіметі қол сұғуы мүмкін деп қауіптенеді.
TikTok мәліметтерді Қытай үкіметіне береді деген айыптауларды жоққа шығарып отыр.
Компанияның Еуропадағы вице-президенті Тео Бертрам бұл шешім геосаясатқа байланысты деген пікірде.
CNN-нің хабарлауынша, Жаңа Зеландия да осы айдың аяғынан бастап жергілікті парламент мүшелеріне TikTok пайдалануға тыйым салмақ.
«Киберқауіпсіздік жөніндегі мамандарымыздың кеңесі бойынша, Парламент мүшелері мен қызметкерлеріне парламент желісіне қосылған барлық құралдардан TikTok қосымшасы өшірілетіні хабарланды», — деді Жаңа Зеландия парламенті қызметінің атқарушы директоры Гонсалес-Монтеро.
«Демократиялық міндеттерін орындау үшін» қосымшаны пайдаланатындар үшін рұқсат берілуі мүмкін екенін айтып өтті.
АҚШ пен Канада киберқауіпсіздік проблемасына байланысты мемлекеттік қызметшілерге телефондар мен гаджеттерде қосымшаны пайдалануға тыйым салған болатын. Соңғы жылдары әлемде қосымшаны пайдаланушылар саны күрт артты, дүниежүзінде оны 3,5 миллиард рет жүктеген.