Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Жаңа тетіктердің бірі – Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі енгізілуде. Тізілімге өнім шығарып отырған, өндірістік қуаттары жетерлік, әрі қарай даму үшін әлеуеті мен жоспарлары бар нақты кәсіпорындардың ғана енуі өте маңызды. Тізілімге енген кәсіпорындар мемлекеттік қолдау шараларын басым тәртіппен алатын болады. Бұл ретте оларға өндірісті жаңғырту, еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілікті арттыру, жалақыны өсіру бойынша қарсы міндеттемелер қойылады», — деді Премьер-Министр.
Оның атап өтуінше, кәсіпорындардың қызметіне мониторинг жүргізу салық және кеден қызметтері, еңбек инспекциялары мен басқа да мекемелер тарапынан бақылау жасалатын цифрлық скрининг негізінде жүзеге асырылатын болады.
«Мұндай скрининг сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін онлайн форматта өтеді. Жалпы үйлестіруді Өнеркәсіп министрлігі жүзеге асырады. Үкімет экономикалық патриотизм қағидатын қатаң ұстанады. Біз қашанда өзіміздің отандық өндірушілерді қолдайтын боламыз. Бұл – әрбір әкімнің, әрбір министрдің міндеті. Біз бұл жайлы үнемі айтып жүреміз. Ол тек сөз жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде орындалуға тиіс», — деді ол.
Олжас Бектенов импортты алмастыру жұмыстарын, оның ішінде офтейк-келісімшарттар арқылы жандандыра түсу қажеттігін баса айтты.
«Бұл отандық компанияларға өздерін алдағы бірнеше жылдар бойына тапсырыстармен қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді кеңейтуге және игеруге мүмкіндік береді. Мемлекеттік сатып алу аясында тек қана жергілікті өндірушілерден сатып алынатын отандық тауарлардың тізбесі айқындалды. Ірі мұнай-газ жобаларындағы негізгі жер қойнауын пайдаланушылар қазірдің өзінде отандық тауар өндірушілермен жалпы құны 240 млн долларды құрайтын келісімшарттарға қол қойды. Бұл жұмысты жалғастыратын боламыз», — деді Үкімет басшысы.