ӘлемТехнология

Twitter Threads іске қосылуына байланысты Meta-ны сотқа бермек

Twitter компаниясы Facebook пен Instagram-ға иелік ететін Meta компаниясын сотпен қорқытты. Өйткені жаңа Threads әлеуметтік желісі Twitter-ге өте ұқсайды, деп ВВС-ге сілтеме жасап Turanews.kz хабарлайды.

Semafor басылымының хабарлауынша, Twitter заңгері Алекс Спиро сәрсенбіде Meta басшысы Марк Цукербергке ресми хат жіберіп, Meta-ны Threads желісін құру кезінде «коммерциялық құпияларды және басқа да зияткерлік меншікті жүйелі, зиянды және заңсыз иемденді» деп айыптаған.

«Бәсекелестік — жақсы, бірақ алдау дұрыс емес», — деп жазды Twitter иесі Илон Маск өзінің жеке парақшасында.

Threads желілік қолданбасы осы аптаның ортасында іске қосылды және оған 30 миллионға жуық адам жазылып үлгерді. Meta басшылығы әу баста-ақ бұл желі Twitter-дің баламасы болатынын мәлімдеген.

Алекс Спиро өз хатында, Meta-ны компания құпияларына әлі де қол жеткізе алатын және осы әлеуметтік желіні көшіруге көмектескен ондаған бұрынғы Twitter қызметкерлерін жұмысқа алды деп айыптайды.

Twitter заңгері Meta -дан бұл құпияларды қолдануды дереу тоқтатуды талап етіп, сотқа беремін деп қорқытты.

TuraNews

Back to top button