Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев 2026 жылғы 2 наурызда Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өткен мәдени және әдеби іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Ұлттық академиялық кітапхананың қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы жүзеге асырып жатқан «Қаламгер шеберханасы» жобасы аясында ұйымдастырылған бағдарламаға Сұлтан Раевпен бірге көптеген зиялы қауым өкілдері, жазушылар, ғалымдар, университет оқытушылары мен студенттер қатысты.
Шарада Сұлтан Раев Ұлттық академиялық кітапхана директоры Күміс Сейітовамен кездесіп, кітапхананың қызметімен танысты. Кездесуде түркі халықтарының ортақ әдеби мұрасын насихаттау және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру және ортақ рухани құндылықтарды жүйелі түрде таныту бағытындағы ықпалдастық келешегін пысықтады.
Іс-шара аясында Сұлтан Раевтың кітапхана қорына тарту еткен кітаптарынан жасақталған «Түркі әлемі: Ортақ тамыр, ортақ мұра» атты көрме ұйымдастырылды. Көрмеге түркі халықтарының бай әдебиетін, тарихын және рухани сабақтастығын айшықтайтын туындылар қойылды.
Бағдарламаның негізгі бөлімінде Сұлтан Раев М. Мақатаев залында «Әдеби процесс және әдеби интеграция» тақырыбында дәріс оқыды. Шараның модераторы қызметін ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы атқарды. Дәріс барысында Сұлтан Раев түркі әлемі әдебиетіндегі өзекті үрдістерді, ортақ әдеби мұраны сақтау және келесі ұрпаққа аманаттау мәселелерін қозғап, әдеби интеграцияның түркі халықтарының мәдени бірлігіне қосатын үлесіне тоқталды.
Сонымен қатар, бағдарлама аясында белгілі жыршы-манасшы Баянғали Әлімжанов қырғыз халқының ұлы «Манас» жырынан үзінді орындады.
Айта кетейік, былтыр елорда төрінен бастау алған бұл жоба бүгінде талай мазмұнды кездесулерді қамтып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Ең бастысы, аталмыш жоба бүгін халықаралық деңгейге көтеріліп отыр.



