
Сивас қаласында 2025 жылдың 26–28 мамыры аралығында Сивас облыстық әкімдігі, Сивас қалалық әкімдігі және Сивас Республикалық университетінің ұйымдастыруымен өткен «ІІ Халықаралық Сивас» кинофестивалі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ұйымның баспасөз қызметі.
Фестиваль түркі әлемі киноөнерін және жаһандық мәдени құндылықтарды тоғыстырған мазмұнды іс-шаралар және әсерлі марапаттау рәсімімен тәмәмдалды.
Сивастың тарихи-мәдени келбетін кино өнерінің әмбебап тілі арқылы танытқан бұл фестивальге әлемнің 67 елінен 700 фильм өтінім берді. Деректі және көркем фильмдер аталымында финалға шыққан туындыларды өз саласының білікті қазылар алқасы бағалады.
Фестиваль барысында шеберлік сыныптары, режиссерлер және актерлермен кездесулер, фильм көрсетілімдері мен концерттер ұйымдастырылып, үш күн бойы Сивас мәдениет пен өнерге толы атмосфераны бастан өткерді.
ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен халықаралық сипат алған бұл фестиваль түркі дүниесінің кино қайраткерлерін және олардың туындыларын жергілікті продюсерлер мен режиссерлермен қауыштырды. Түркі әлемі киносының дамуына серпін беретін маңызды платформаға айналған бұл шара Сивас қаласын кино мен мәдениет бағытындағы маңызды орталық ретінде танытты.
Марапатталған туындылар:
- Үздік көркем фильм: The Contact – Мерт Ерез
- Көркем фильм қазылар алқасының арнайы жүлдесі: Twenty-One Weeks Later – Насрин Мохаммадпур
- «Үздік деректі фильм»:Боз даладағы ағартушы – Осман Чакыр & Али Каймак
- Деректі фильм қазылар алқасының арнайы жүлдесі: U – Анастасия Андреевна Владимирова
Арнайы марапаттар табысталды:
- «Түркі киносына қосқан үлесі» үшін марапат: Назиф Тунч
- Жылдың үздік телехикаясы: Мехмед: Жеңістер сұлтаны – Ейүп Гөкхан Өзекін (продюсер)
- «Өмірлік жетістік» сыйлығы: Сейіт Әли Гүндоғду
- «Үздік дебют» жасаған актер: Бурч Күмбетлиоғлу
- «Үздік қосалқы рөлдегі актер»: Өмер Курт
Фестиваль аясында “Ешилчамға құрмет” тақырыбымен өткен ашық аспан астындағы көрсетілімдерде отбасылық тақырыптағы «Ешилчам классиктері» көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар «Йешилчамдағы Орхан Генджебай әндері» концерті көрермендерге сағыныш пен сезімге толы сәттер сыйлады.
Фестиваль аясында «ТҮРКСОЙ» арнайы сыйлығы табысталды
Биылғы фестиваль аясында «ТҮРКСОЙ» арнайы сыйлығы да табысталды. Бұл марапатты ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раевтың кино жөніндегі арнайы өкілі, ТҮРКСОЙ бөлім меңгерушісі Сәлім Эзер композитор әрі актер Айдын Сарманға тапсырды.