БастыСаясат
Trending

ТүркПА Қазақстандағы конституциялық реформаларды қолдайтынын мәлімдеді

Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасан Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшілігінде болды. Кездесу барысында Қазақстанның Бакудағы Елшісі Әлім Байел қазақстандық тараптың ТүркПА қызметіне ерекше мән беретінін және алдағы уақытта да осы ұйымға жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын атап өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Ә. Байел Бас хатшыны лауазымына кірісуімен тағы да құттықтап, оның тағайындалуымен ТүркПА қызметі одан әрі жетілдіріледі деген үміт білдірді. Сондай-ақ Елші Қазақстанда әзірленіп жатқан конституциялық реформа туралы айтып өтті.

Өз кезегінде Р. Гасан Қазақстанда Президент Қ. Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды, атап айтқанда парламенттік жүйені қайта құруды қолдайтынын білдірді.

gov.kz

Бас хатшы ТүркПА-ның негізін қалаушылардың бірі ретінде Қазақстанның ұйым қызметіне белсенді атсалысып отырғаны үшін алғыс айтып, жалпытүркілік парламентаралық ынтымақтастыққа жаңа серпін берілетініне сендірді.

ТүркПА кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстандағы конституциялық реформаларға қатысты ресми мәлімдеме жариялады. Онда Ассамблея Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік институттардың негізін нығайтуға, басқару тиімділігін арттыруға және өкілді институттарды дамытуға бағытталған бастамаларын жоғары бағалайды.

ТүркПА жүргізіліп жатқан реформаларды, ішкі және сыртқы саясаттағы теңдестірілген тәсілді, сондай-ақ Қазақстанның түркі әлеміндегі стратегиялық рөлін қолдайтындығын атап өтті. Ассамблея тұрақты даму мен түркі мемлекеттері халықтарының әл-ауқаты мүддесінде тәжірибе алмасуды және іс-қимылды үйлестіруді жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

 

TuraNews

Back to top button