Қоғам

Түркістандық жастар 1000 теңгеден ақша жинап, ауыл көшесін жарықтандырды

Түркістан облысында Созақ ауданының жастары 1000 теңгеден ақша жинап, ауыл көшесін өз бетімен жарықтандырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Созақ ауылындағы «Шақырық» мөлтек ауданының жастары игі іске ұйытқы болды. Олар ұзындығы бір шақырымнан асатын Қ.Тоқмағанбетов атындағы көшеге жаңадан 36 бағана орнатып, жарық шамдарын жалғады.

Жастар темір бағаналар мен жарық шамдарды қаладан сатып алып келген. Дәнекерлеу жұмыстарын да өздері жасаған. Ал жарықты ауылдағы электрик азаматтар тартып берген.

«Қазір көшеміз түнде жап-жарық. Ортақ істен ешкім қалыс қалған жоқ. Қаражат жинауда да жастар өз еркімен белсенділік танытты» — дейді Қайрат Болатбеков.

Жалпы созақтық жастар жеке қор ашқан. Онда ай сайын 1000 теңгеден жиналып отырады. Қорға түскен қаражат ортадан құрылған комиссия мүшелерінің шешімімен ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталады.

Ендігі мақсаттары – ауылда жастар саябағын салу. Қазіргі кезде бұл бағытқа ауыл әкімдігінен жер сұрап отыр. Мәселе шешілген бойда құрылыс жұмыстарына бірден кіріспек.

Айта кетейік, Созақ ауылының тұрғындары қашан да белсенді. Мәселен мектеп бітіргеніне 10 жыл толатын түлектер жыл сайын ауылдағы аз қамтылған екі отбасына үй салып береді.

TuraNews

Back to top button