БастыҚоғам

Түркістанда Түркияның 100 жылдығы аталып өтті

Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуына орай салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова, Университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек және облыстың зиялы қауым өкілдері, аталған оқу орданың ұжымы мен студенттері қатысты.

«Бауырлас түрік халқын тарихындағы айтулы оқиға – Түркия Республикасыньң 100 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. 1923 жылы 29 қазанда Түркия Республикасы жарияланды. Тарихшылар бұл күнді Түркияның Тәуелсіздік пен ұлттық жаңғыру кезеңі басталған сәт деп бағалайды. Тәуелсіздігімізді тұңғыш танығандар қатарындағы Түркия –елімізге ең көп инвестиция салған сенімді стратегиялық серіктесіміздің бірі. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан мен Түркия президенттері ынтымақтастық пен достастықтың тамаша үлгісін көрсетіп келеді. Түркия Республикасына біздің халқымыздың құрметі ерекше. Оның бір мысалы осы оқу орнындағы өзара сеніммен құрылған байланыс. Қожа Ахмет Ясауи университеті – тек білім беріп, мәдениетті дамытатын орта емес, халықтарымыздың тарихи байланысын қайта жаңғыртқан орталыққа айналды. Университет түлектері қазір тек Қазақстанның дамуына ғана емес, қазақ-түрік бауырластығының және түркі әлемінің дамуына айтарлықтай қызмет етіп келе жатыр. Жуырда Түркі мемлекеттері ұйымының туризм саласының басшылары Түркістанда жиын өткізді. Түркістанға 2024 жылғы туристік астана мәртебесі берілді. Қасиетті шақарымыздың рухани саласы мен туризмін дамытуға осындағы жалынды жастар да үлес қосады деп сенемін. Мен өзім кездескен әрбір түркиялық бауырымыздың бойынан да біздің елге деген ерекше құрметті байқаймын. Себебі, біздің рухымыз бір, түбіміз бір, тарихымыз бір. Бұл мереке баршамызға ортақ!» – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.

«Сөзімді Түркия Республикасының тәуелсіздік жолында жан пида еткен ата-бабаларымыздың рухына тағзым етуден бастағым келеді. Бұдан 100 жыл бұрын Анадолы жерін батыр бабаларымыз өз жанын құрбан ете отырып, сақтап қалды. Бүгін біз 100 жылдық мерейтойымызды тойлап жатырмыз. Бұл – мереке! Ал бізді осындай мерекені тойлайтын күнге жеткізген – көшбасшымыз Мұстафа Кемал Ататүрік пен ұлт жанашырлары. Мұны ешқашан ұмытпаймыз! Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бауырлас Қазақстанның да 100 жыл, 200 жылдығын атап өтетін күнге жете берейік» деді Университеттің Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек.

Салтанатты кеште Түркістан өңіріне адал қызмет етіп, еңбек сіңіріп жүрген университетте қызмет етіп жүрген түркиялық мамандар мен оқытушылар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының және Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың алғыс хатымен марапатталды.

Шара «Актерлық өнер» мамандығы студенттерінің ержүрек түрік елінің егемендік жолындағы күресі баяндалатын театрландырылған көрініспен жалғасты. Сондай-ақ «Атамекен» ұлт-аспаптар ансамблі Дәулеткерейдің «Көроғлысын» орындап, әншілер құлақ құрышын қандыратын әндер шырқады, «Би сұлтан» би ансамблі биден шашу шашты.

TuraNews

Back to top button