Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» кешенінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Ақсақалдар ауызашары» өтті. Түрік-қазақ іскерлері одағының (TÜKİB) қолдауымен жүзеге асқан шара түркі мемлекеттерінің бірлігі мен ұрпақтар арасындағы алтын көпірді нығайта түсті.
Рухани кешке Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бинали Йылдырым, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, ақсақал Икрам Адырбеков, Түркияның Астанадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу және Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек қатысып, бауырлас халықтардың достығы жайлы жылы лебіздерін білдірді.
Сондай-ақ, іскер топ өкілдері мен меценаттар: ҚР-ның Мерсин қаласындағы Құрметті консулы Ахмет Будан, «YDA Holding» басқарма төрағасы Хүсейін Арслан, TÜKİB төрағасының орынбасары Көксал Салих Йылдыз, басқарма мүшелері Мұрат Ханджы мен Мехмет Ділшад Будан, сондай-ақ қауымдастық мүшелері Алтан Окан Эмиркадыоглу мен Вейсел Акбалық қазақ ақсақалдарымен бірге ортақ болашақ жолындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Кештің ең әсерлі сәті — Түркістан төрінде білім алып жатқан түркі дүниесінің әр түкпірінен келген 1500-ден астам студенттің аға буын өкілдерімен бір дастарханда дәм татуы болды. Жастардың жалыны мен ақсақалдардың тағылымы тоғысқан шарада «Ортақ тамыр, ортақ мұра» идеясының шынайы көрінісіне айналды. Көне Түркістан аспанында оқылған дұғалар мен айтылған тағылымды әңгімелер түркі халықтарының бауырластық тамыры тереңде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.



