Түркістанда қонақүй саласы өкілдеріне тренинг өтті
Бүгін Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және меймандостық университетінде «Тұрақты туризм тұжырымдамасы бойынша қонақжай үйлерді ашу және дамыту» тақырыбында тренинг ұйымдастырылды, еп хабарлайды TuraNews.kz.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасына қарасты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығының ұйымдастыруымен өткен тренингте білікті сарапшылар өңірдегі қонақжай үйлерінің өкілдеріне кеңестер берді7
Атап айтқанда, қонақжай үйлерде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және туристерді қабылдау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тәжірибе алмасты. Оның ішінде ауылда экотуризмді дамытудың артықшылықтары, ауыл туризміндегі кәсіпкерлік, қонақжай үйін ашу үшін не қажет, оның сапа стандарттары мен талаптары сөз болды. Қонақжай үйлерінің басшылары өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.
Тренинг аясында «Қазақстан туристік ассоциациясының» сарапшылары 30 қазан — 2 қараша аралығында төрт күн бойы Түркістан қаласы мен Төлеби ауданындағы барлық қонақжай үйлерін аралады. Үш деңгей бойынша әрбір пунктке балл қойылып, санаттары анықталды. Соған сәйкес іс-шара барысында сертификаттар табысталды.
«Үздік қонақжай үйі» конкурсының нәтижелері анықталды. Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қонақжай үйді сертификаттау және санатын анықтау мәселесі көтерілсе, екінші кезеңде «Мен туристті қалай қарсы аламын? Менің қонақжай үйімдегі туристтің ең жақсы күні» атты тақырыбында видео түсіру және көрсету талабы жүктелді. Үміктерлер өз қонақжай үйлерінің қызмет ерекшеліктерін таныстырды.
Нәтижесінде Төлеби ауданындағы «Сейітбек», «№1» және Түркістан қаласындағы «Ethno Hostel Turkistan» қонақжай үйлері жоғары балл жинап, көшбасшы атанды. Оларға өз бизнестерін ілгерілету үшін 300 мың теңге қаржылай марапат берілді.
«Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ЖШС-нің бас директорының орынбасары Нұрхан Нұрланұлы, Орталық Азия индустриялық туризм қауымдастығының президенті (ITACA) Гүлмира Ахбердиева қонақжай үйлерінің өкілдеріне туризмді дамытуға қосып жатқан үлестері үшін алғыстарын білдіріп, алдағы уақытта да түрлі қолдаулар жасалатынын атап өтті.
Айта кетейік, Түркістан облысы — тарихи және мәдени мұраға бай, ашық аспан астындағы өзіндік мұражай. Түркістан өңірінде туризмнің 3 бағыты айқындалған. Олар: тарихи-танымдық (зиярат), экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі. Облыс аумағында 1770 тарих және мәдениет ескерткіші бар. Сондай-ақ 4 ерекше қорғалатын табиғи объект орналасқан. 72 санаториялық-курорттық ұйым жұмыс істейді. Қонақүйлер, хостелдер, демалыс орындары, балалар лагерлерін қоса есептегенде, облыста 220 орналастыру орны келушілерге қызмет етеді.
2023 жылдың II тоқсан қорытындысы бойынша облыс аумағындағы орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны 115 мыңнан астам адамды құрады. Биыл 9 айда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне бір күндік келушілер саны 566 мыңға жетсе, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне бір күндік келушілер саны 238 мыңнан асады.