БастыЭкономика

Түркістанда Өзбекстандық кәсіпкерлер жібек мата өндірмек

Түркістан облысында тұт ағашын отырғызу арқылы жібек мата өндіріледі, деп хабарлайды TuraNews.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды көшет егіп, жібек құртынан мата шығару ісіне машықтанған өзбекстандық кәсіпкерлермен кездесті. Олар Жетісай, Мақтаарал аудандарында 200 га жерге көшет отырғызбақ. Әр гектардан 50 тоннаға дейін жапырақ өндіріледі. Жапырағын жылына төрт рет жинақтауға болатын тұттың «Мархабат» сортын егуге кіріспек.

«Узбекипаксаноат» қауымдастығының Төрағасы Олимжон Джумаев бастаған Өзбекстан делегациясымен кездесуде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс әкімдігі жаңа бастамаларға және тәжірибе алмасуға толықтай қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Өңірдің инвестициялық әлеуеті, инвесторларға көрсетілетін қолдау мен ұсынылатын жеңілдіктер туралы сөз қозғалды.

– Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамыту тұрғысынан Өзбекстан – Түркістан облысының маңызды және сенімді әріптестерінің бірі. Өзара ынтымақтастықтың арқасында тауар айналымы артып келеді. Облыста жібек шаруашылығы саласын дамытудың жоғары әлеуеті байқалады. Бұған өңірдің климаты да қолайлы, – деді Д.Сатыбалды.

Табиғаты қолайлы оңтүстікте 1 гектар жерге егілген тұт ағашынан 1 млн. теңгеге дейін таза табыс табуға мүмкіндік мол. Оған қоса жібек құртын өсіріп, өнім өндіретін болса, тағы 1 млн. тенге пайда көруге болады. Ал өнімді Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Қытайға сатуға болады. Өйткені мұндай тауарға аталған елдерде сұраныс өте жоғары.

gov.kz

Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Түркістан өңірінің индустриалдық аймақтары және «Тurkistan» арнайы экономикалық аймағы сияқты инвестициялық алаңдары бар, олар өз қатысушыларына түрлі салықтық жеңілдіктер мен преференциялар береді. Сонымен қатар «TURAN» арнайы экономикалық аймағында кәсіпорындардың қызмет түрлеріне шектеулер жоқ.

TuraNews

Back to top button