ҚоғамМәдениет

Түркістанда халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті

Қ.А.Ясауи университетінде «Топырақтың жағдайын жақсарту – адамзат денсаулығының кепілі» атауымен Халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинары өтті, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Алқалы жиын Түркістан облысы әкімдігі мен ҚР Ауыл шаруашылық ғылыми академиясы және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, ҚР Ауыл шаруашылық ғылыми академиясының «Ясауи» білім тарату орталығының ұйымдастыруымен бастау алды.

Жиында сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова Түркі әлемінің ортақ шаңырағына айналған оқу ордаға жиылған ғалымдарға алғыс білдірді. Келесі кезекте, ҚР Ауыл шаруашылық ғылымдар Академиясының Президенті Тілектес Есполов та жиынның негізгі мақсаты мен міндеттерін тарқата айтты.
«Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттерде, Қазақстанда да қоршаған ортаның ластануы, топырақ құнарлығының төмендеп бара жатқандығы туралы ғалымдар дабыл қағуда. Оған осында жиналған ғалымдар куә. Жердің 3/1 бөлігі эрозия, радиация сынды басқа да әсерлерге ұшыраған. Мамандардың айтуынша жердің 33%-ы пайдалануға жарамсыз. Егер адамзат жер мәселесіне селқос қарайтын болса бұл көрсеткіш ұлғая түседі. Топырақ – көмірден де, алтын, мұнайдан да қымбат», — дей келе, семинардың маңыздылығын айқындады.

Ғылыми-тәжірибелік семинарға Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, т.б түркі мемлекеттерінен өзге ZOOM желісі арқылы шетелдік ғалымдар да қатысты. Соның бірі Үндістанның белгілі ғалымы Раж Парода топырақ жағдайын жақсарту бойынша өз зерттеу-пікірін ортаға салды. Ғалымдар басқосуы пленарлық отырыспен жалғасып, маңызды баяндамалар жасалды.

Келелі кездесудің негізгі бөлігінде ҚР Ауыл шаруашылық ғылымдар Академиясының Президенті Тілектес Есполов пен Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұрбол Рысбеков демонстрациялық аландарды дамыту бойынша меморандумға қол қойды. Қос тараптың келісімі аясында алдағы уақытта өңірде 100 га. жерге органикалық тәсілмен тәжирибе алаңы ашылмақ.

Еске сала кетейік, биыл кәсіпкерлер палатасының жанынан «Агро кеңес беру орталығы» кұрылып, толық органикалық тыңайтқыштармен мақта, жүргері, сорго дақылдарын егіп, тәжірибеден өткізілген болатын. Биылғы жиын-терім науқанында шаруалар демонстрациялық алаңдарына айналған егістік алқаптарынан мол өнім алуды жоспарлап отыр.

TuraNews

Back to top button