Түркістанда тау пістесі — «фисташки» өсірілетін болады, деп хабарлайды Turanews.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Түркістанда табиғаттың тосын құбылыстарына бой бермейтін, адам мен аң-құсқа көлеңкесімен сая болатын жаңа ағаш-бұта түрлерін жерсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Соның бірі — «фисташки». Мамандардың сөзінше, тек Жерорта теңізі, Солтүстік-Батыс Африка, Шығыс Азия елдері мен Кавказ тауларында кездесетін бұл өсімдік алдағы жылдары Түркістанда жеміс беретін болады.
«Таупісте Түркістан облысында «Сайрам – Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түлкібас филиалы аумағында көп жылдан бері өсіп тұр. 2021 жылдың күз айында 5 келі таупісте тұқымы жиналып, тәжірибе ретінде стратификацияға қойылған болатын. Енді бүршік жара бастаған таупісте дәнін 2022 жылдың көктемінде «Жасыл аймақ» КММ-нің ғылыми қызметкерлері «Ескі әуежай» учаскесіне егіп көрді. Нәтижесі жаман емес. Егілген таупісте дәнінің өнімділігі 65 пайызға жетті. Бұл – микроклиматы құрғақ Түркістан қаласы үшін өте жақсы көрсеткіш, – дейді «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аға ғылыми қызметкері Төлеби Мұхтарұлы.