Қоғам

Түркістанда бюджеттік тәртіп пен ашықтықты арттыру жолдары талқыланды

2025 жылғы 24 шілдеде Түркістан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ғимаратында «Онлайн бюджеттік мониторинг жүйесінің тиімділігін арттыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Департамент басшысы, басшының орынбасары, құрылымдық бөлім басшылары, сонымен қатар, облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдар – білім басқармасының басшысы, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары, денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы, мәдениет басқармасының бас маманы және өзге де жауапты мамандар арнайы келіп қатысты.

Жиында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі әзірлеген «Онлайн бюджеттік мониторинг» (ОБМ) жүйесінің тиімділігі, ағымдағы жағдайы және өңірдегі іске асырылуы жан-жақты талқыланды. Бұл жүйе – құқық қорғау органдарымен өзара іс – қимыл шеңберінде бюджет қаражатын ысырап етудің алдын алу құралы ретінде қолданылып отыр, яғни бюджеттік тәртіпті нығайтудың, шығыстардың ашықтығын қамтамасыз етудің және азаматтық бақылауды дамытудың тиімді тетігі ретінде қарастырылуда.

Сонымен қатар өзара іс-қимыл шеңберінде ОБМ жүйесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте анықтау құралы ретінде қолданылып отыр

Аталған дөңгелек үстелде ОБМ жүйесі арқылы Түркістан облысында 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы маусым аралығында күмәнді төлемдер бойынша тәуекелдер анықталғаны баяндалды. Оның басым бөлігі білім беру саласына тиесілі.

Департамент тарапынан аталған тәуекелдерге байланысты ресми жолданған хабарламалар, олардың орындалуы және бірнеше хабарламаның тиісінше орындалмағаны атап өтілді. Бұл – қаржылық тәртіп пен бақылау мәдениетінде жүйелі кемшіліктер бар екенін көрсетеді.

Жиын барысында сөз сөйлеген Департамент мамандары ОБМ жүйесінің нақты артықшылықтарын атап өтіп, мемлекеттік органдардың кері байланысының әлсіздігіне алаңдаушылық білдірді. Қаржының негізсіз жұмсалу тәуекелдерін болдырмау, дәлелдемелік базаны сапалы қалыптастыру, уақытылы жауап беру сынды мәселелер жиынның негізгі күн тәртібінде болды.

Талдау нәтижесінде 63,5 млн теңгеден астам сомаға 325 төлем бойынша бұзушылықтар расталып, оның 12 млн теңгеден астамы бюджетке өндірілгені, ал 6,7 млн теңгенің ісі құқық қорғау органдарына жолданып, сот процесі жүріп жатқаны айтылды.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар ОБМ жүйесін жетілдіру, күмәнді төлемдердің алдын алу, жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, әр басқармаға нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.

Аталған дөңгелек үстел мемлекеттік қаржыны басқарудағы жаңа форматтағы өзара ынтымақтастық пен ашықтықты дамыту жолындағы маңызды қадам болды.

 

TuraNews

Back to top button