Денсаулық

Түркістанда алғаш рет ишемиялық инсультқа тромбоэкстракция отасы жүргізілді

Жақында Түркістан қалалық орталық ауруханасының дәрігерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде, алғаш рет ишемиялық инсульт кезінде қолданылатын тромбоэкстракция отасын сәтті жүргізді.

Бүгінде инсульт тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де маңызды медициналық-әлеуметтік проблема болып тұр. Бұл сырқаттанушылықтың, өлім-жітімнің және мүгедектіктің өсуінің жоғары көрсеткіштеріне байланысты. Соңғы жылдары инсультті емдеудің әдеттегі әдістерінің бірі көктамырішілік тромболитикалық терапия болып келеді. Қазіргі уақытта ишемиялық инсультті емдеуде белсенді дамып келе жатқан ең тиімді әдісі бұл – механикалық тромбоэкстракция.

Аурухананың инсульт орталығы бөлімінің меңгерушісі С.Нұртаев және рентген-хирург Б.Усмановтың үйлесімді өзара әрекеттесуі нәтижесінде жедел-жәрдеммен, жедел ми-қан айналымының ауыр және күрделі бұзылыстарымен жеткізілген 55 жасар пациентке, «терапевтік терезеге» (клиниканың басынан бастап 3-4,5 сағат) түсуін ескере отырып, қысқа мерзімде диагноз қойылды. Оған тромболизистік терапия жүргізілді және аталған бірегей ота жоспардан тыс, шұғыл орындалды.

Салада алғаш рет қолданылған емдеу әдісі мидың бітелген тамырына стент-ретриверді енгізу арқылы, ұйыған қанды механикалық түрде алып, сыртқа шығару арқылы қалыпты қан ағымын тез және тиімді қалпына келтіреді. Нәтижесінде мидың зақымдануын болдырмай, инсульттің ауыр зардаптарына жеткізбейді. Ота рентгендік бақылау арқылы жүзеге асырылады. Бұл дәл және қауіпсіз араласуды қамтамасыз етеді. Әдістің бірегейлігі оның минималды инвазивті сипаты мен жоғары тиімділігінде жатыр. Алайда инсульт басталғаннан кейінгі алғашқы 6 сағатта ғана жасауға болады.

«Қазіргі уақытта тромбоэкстракция технологиясы біздің ауруханада кеңінен игерілді деп сеніммен айтуға болады. Аталған ота пациенттердің жойқын аурудан кейінгі өмірін сақтап қана қоймайды. Қалыпты белсенді өмірге оралуына мүмкіндік береді» дейді аурухана басшысы Бекзат Берденов.

TuraNews

Back to top button