Экономика

Түркістан: Түлкібас ауданында балық өсірумен айналысатын шаруашылық көбейді

Түркістан облысындағы Түлкібас ауданында балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны артты, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Биылдың өзінде олардың қатары екі жасанды көлмен толықты. Солардың бірі – ЖК «Эко Балық». Кәсіпкер Хашымбек Байжанов Балықты ауылының шетіндегі өз жерінің 3 гектар аумағына екі жасанды тоғанды қазып қойған. Қазан айының орта тұсында Жамбыл облысынан 60 мың дана карп, сазан, ақ амур балықтарының шабақтарын алып, көлге жіберуді жоспарлап отыр.

Аталған кәсіпкермен көл басында кездескен аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аудан әкімдігі тарапынан Заң талаптарына сай барлық қолдаулар болатындығын жеткізіп, кәсіпкердің өтінішіне сәйкес жердің қажетті құжаттарын толық рәсімдеуге және мемлекеттен «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде кәсібін ұлғайтуға жеңілдетілген пайызбен несие алып беруге көмек берілетінін атап өтті.

Сондай-ақ кәсіпкер Мұрат Парманов Састөбе кентіндегі көлді жалға алып, оған 150 мың дана сазан, карп балығының шабақтарын жіберуді көздеп отыр. Қазіргі таңда Заң талаптарына сай көл аумағын қоршап, ішін тазалау жұмыстарын жүргізуде.

Аудан басшысы мемлекеттік нысанды жалға алып отырған кәсіпкерге көлдің айналасын көгалдандырып, жергілікті тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасауды жүктеді.

Бұдан өзге Машат ауылындағы «Жеті үй» шаруа қожалығының иесі осыдан екі жыл бұрын үй маңынан жасанды тоған жасап, оғын 16 мың дана сазан, карп, ақ амур, дөнмаңдай балығының шабағын жіберген. Дос Ахатаев есімді кәсіпкер келер жылы алғашқы өнімін сауда қатарларына шығаруды көздеп отыр.

Сонымен қатар кәсіпкер көл аумағын абаттандырып, ол жерден «сақ» банясы мен киіз үйлер тігіп, демалыс орнын ашуды жоспарлауда.

Аудан әкімі кәсіпкердің жұмысын оң бағалап, ісіне сәттілік тіледі. Және кәсіпкердің өтінішіне сәйкес көл маңынан өтіп жатқан Машат өзенінің жағасын бекітіп беруге тиісті жұмыстар атқарылатынын атап өтті.

Айта кетерлік, бүгінгі таңда Түлкібас ауданында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлік нысандар саны 14-ке жетіп отыр. Оларда бекіре, фарель, сазан, карп, дөнмаңдай, ақ амур балығының түрлері өсірілуде.

TuraNews

Back to top button