Түркістан: “Созақ ауданының құрметті азаматы” атағы табысталды
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Арқа, Қаратау күйлерін насихаттаушы, шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаевты қабылдады. «Созақ ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстап, құрмет көрсетті, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Қазақтың қара домбырасының қасиеті мен қос ішектің қоңыр үні арқылы халқымыздың тұғыры биік асыл мұрасын, рухани болмысын, дүниетанымы мен мәдениетін насихаттап, қазақ ұлтының төл өнерін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғыс айтып, алдағы күндеріне толағай табыстар тіледі.
Айта кетейік, бұл атақ Жанғали Әлімханұлына аудандық мәслихаттың өткен жылғы шешімімен берілген болатын. Аталған уақытта өзге өңірде болуына байланысты бүгін табысталды.
Жанғали Жүзбаев 1961 жылы Шолаққорған ауыл округі, Қарабұлақ елді мекенінде дүниеге келген. Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі, Профессор, «ҚР Мәдениет қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 2013-2015 жылдары ҚР Мемлекеттік стипендиясының иегері атанған. Көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары жарық көріп, түрлі дәрежедегі медалдармен марапатталған.