Түркістан: шардаралық кәсіпкер 20 мектепке демеушілік жасады
Шардаралық кәсіпкер Данияр Омаров отбасының атынан 20 мектептің асханасына қажетті жабдықтарды тарту етті. Атап айтқанда, ауыл мектептерінің сұранысына қарай тоңазытқыш, су жылыту қазандықтары, желдеткіш пен өзге де заттарды үлестірілді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
— Мен бұл жасаған қайырымдылық ісімді мақтану үшін емес үлгі ретінде көрсеткім келді. Мектептерде ыстық тамақпен қамтылып отырған біздің жас бүлдіршіндерімізге алаңсыз білім алуына жағдай жасау -әрқайсымыздың міндетіміз деп білемін. Маған бүлдіршіндердің шынайы күлкісі мен елдің ыстық ықыласы маңызды. Алдағы уақытта да қолымыздан келгенше көмектесіп отыруға дайынмын, — деді кәсіпкер Данияр Омаров.
Бұдан бөлек, кәсіпкер жыл сайын тамыз айында өтетін «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған 1 500 балаға мектепке қажетті заттар алып берген. Айта кетейік, бүгінгі таңда Шардара ауданы бойынша бастауыш сыныпта оқитын 8 181 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.