Қоғам

Түркістан: Қазығұрт ауданында ауыл шаруашығы өнімі 50 млрд теңгеден асқан

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов айтты, деп хабарлайды TuraNews.kz.

Оның айтуынша, жалпы өңірлік өнім биыл 9 айда 114,9 млрд теңгені құраған. Оның 37%-ы — ауыл шаруашылығына, 6%-ы — өнеркәсіпке, 53%-ы — шағын-орта кәсіпкерлікке, 4%-ы — құрылысқа тиесілі. Сондай-ақ, аймақта биыл 23,9 млрд теңге инвестиция тартылған.

– Аудан экономикасының негізгі бағыттарының бірі — ауыл шаруашылығы саласы. Шаруалардың еңбегінің арқасында өнім көлемі соңғы 3 жылда 1,5 есеге өсіп, былтыр 66,7 млрд теңгеге жеткен. Биыл 9 айда ауыл шаруашылығында өнім көлемі 53,4 млрд теңгені құрады. Мал шаруашылығында — 33,6 млрд теңге, егін шаруашылығында — 19,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сондай-ақ, ауданда 181 гектарда жылыжайлар орналасқан, оның ішінде 5 гектары осы жылы жаңадан іске қосылды, — деді Азизхан Әзімханұлы.

Ауданда 2023-2027 жылдары 18,7 млрд теңгеге 48 инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде биыл құны 6,5 млрд теңге болатын 41 жобаны іске асырып, 440 адамды жұмыспен қамту көзделген. Осындай жобалардың бірі — «Қарқын-2030» ЖШС-ң облыста теңдесі жоқ заманауи мал сою цехы іске қосылады. Жалпы қуаттылығы тәулігіне 300 бас ірі қара мал сою мүмкіндігі бар. Бұл жобаның басымдылығы — толық цифрландырылған, энергия көзін аз пайдаланады. Бұдан бөлек, биыл «Билол» ЖШС аудандағы индустриалды аймақта «Болат шарларын балқытып шығаратын» зауытты ашуды жоспарлап отыр Онда жалпы 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Айта кетейік, ауданда 62 елдімекеннің 60-ы ауыз сумен, 61-і электр жүйесімен, 49-ы табиғи газбен қамтылған.

TuraNews

Back to top button