Түркістан: Ордабасыдағы зауыт тәулігіне 100 мың дана қыш өндіреді
Ордабасы ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер алдымен Бадам ауылындағы «Бөрте милка» сүт зауытының жұмысымен танысты. Бүгінде зауытта тәулігіне 50 тонна сүт өнімі өңделеді, деп хабарлайды TuraNews.kz.
Сүт өңдеу зауытына Италия мемлекетінің «Технолат», «SPX», «FBF» компанияларының құрал-жабдықтары қойылған. Сондай-ақ, сапар аясында БАҚ өкілдері Бадам ауылы, «BOKEI» ЖШС-ң толық автоматтандырылған қыш зауытының жұмысымен танысты. Өндіріс орны бүгінде тәулігіне 100 мың дана қыш өндіреді. Италия, Жапония, Франция, Ресей сияқты мемлекеттерде жасалған заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыт Түркістан облысымен қатар еліміздің өзге де аймақтарын сапалы кірпішпен қамтуға қауқарлы. Өндіріс орнында бүгінде 30 адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, журналистер аудандағы «KazKioti» ЖШС — трактор жинау зауытында болды. Бүгінде Ордабасы индустриалды аймағында құрастырылатын тракторларға сұраныс жоғары. 2021 жылдан бастап трактор құрастырумен айналысатын зауыт қазіргі таңда Түркістан облысына ғана емес, Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда, Орал мен Ақтөбе қалаларына тракторларын жөнелтуде. Зауытта 60 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Серіктестік жылына 300 дана трактор құрастырады. Сонымен қатар, тракторды сатып алған азаматтарға 30%-дық субсидия беріледі.
Бұдан бөлек, БАҚ өкілдері «Темірлан ауылындағы «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Орталық бүгінде үш бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, «Ардагерлер орталығы» – егде жастағы зейнеткерлер мен аға буын азаматтарына, «Тең қоғам» – мүгедектігі бар адамдарға көмек береді. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан дағдарысқа ұшыраған жәбірленушілерге арнаулы әлеуметтік психологиялық көмектер көрсетіледі.