Түркістан: Ордабасыда биыл алюминий профильдерін өндіретін зауыт іске қосылады

Түркістан облысы Ордабасы ауданыңда биыл алюминий профильдерін өндіретін зауыт іске қосылады.Бұл туралы Ордабасы ауданында өткен брифингте аудан әкімі Азат Оралбаев айтты, деп хабарлайды TuraNews.kz.
– «Бадам» индустриалды аймағында инвестициялық құны 21 млрд 234 млн теңге құрайтын 439 жұмыс орны бар 6 кәсіпорын орналасқан. Жыл соңына дейін 2 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі «Gold Aluminum» ЖШС – алюминий профильдерін өндіру жобасы. Инвестициялық құны 3 млрд теңгені құрайтын бұл жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталу үстінде. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады. Сондай-ақ, «RZN» ЖШС — автоклавталған газоблок бұйымдарын өндіру жобасы. Биыл желтоқсан айында 25 жұмыс орнымен іске қосылады. Бұл жобаның инвестициялық құны — 1,5 млрд теңге. Сондай-ақ, инвестициялық құны 400 млн теңгені құрайтын тағы 2 жобаның құжаттары рәсімделуде, — деді Азат Әбдіғалиұлы.
Ауданда бизнес-климатты жақсарту бойынша атқарылған жұмыстарды және ірі жобаларды іске асыру нәтижесінде ауданға биыл 9 айда 28 млрд теңге инвестиция тартылған. Бүгінгі таңда, инвестициялық құны 10 млрд теңгені құрайтын 9 жоба 302 жұмыс орнымен іске асырылуда. Жалпы, бюджеттік инвестициялардың үлесі — 21,4%, жеке инвестициялардың үлесі — 78,6% құрап отыр.
Одан бөлек, ауданда жалпы өңірлік өнім көлемі 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 102,2 млрд теңгені құраған. Оның 59%-ы — ауыл шаруашылығына, 24,8%-ы — өнеркәсіпке, 8,5%-ы — саудаға, 7,7%-ы —құрылысқа тиесілі. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығында 55,9 млрд теңгенің өнімі өндірілген.
Айта кетейік, ауданда 57 елді мекеннің 51-і сапалы ауыз сумен, 9-ы табиғи газбен және толықтай орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген.